Home Сараптама Қазақстанда цифрлық қызметтер ауқымы кеңейіп келеді

Қазақстанда цифрлық қызметтер ауқымы кеңейіп келеді

12

Қазақстандағы цифрлық трансформацияның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі тиімді ету. Цифрландыру нәтижесінде балабақшаға, мектепке, жоғары оқу орындарына және жатақханаларға қабылдау рәсімдері жеңілдеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтері салаларындағы үдерістер оңтайландырылды. Осы бағытта цифрлық трансформацияның нормативтік және әдіснамалық негіздері қалыптастырылып, сараптамалық база жасақталды және түрлі салаларда ауқымды реформалар жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының онлайн қызметтер индексі (OSI) бойынша ТМД елдері арасында бірінші орынға ие. Бұл индекс үкімет ұсынатын онлайн қызметтердің сапасын, оның ішінде қолжетімділік деңгейін, мазмұнын және мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін бағалайды.

2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі (EGDI) бойынша 193 елдің ішінде 24-орынды иеленді. Аталған көрсеткіш электрондық үкіметтің даму деңгейі мен тиімділігін онлайн қызметтер, телекоммуникациялық инфрақұрылым және адами капитал тұрғысынан кешенді түрде саралайды.

Елімізде цифрландыру үдерісі кең ауқымда жүзеге асуда: ірі ұлттық жобалардан бастап, әлеуметтік салалардағы жергілікті инновациялық шешімдерге дейін қамтылған.Соның айқын мысалдарының бірі – жақын уақытта Қостанай облысында іске қосылатын AI-Mektep мультисервистік платформасы.

AI-Mektep – жасанды интеллект негізінде құрылған жаңа буын білім беру платформасы. Ол оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындауға және заманауи оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Жоба цифрлық AI-платформаны білім беру кеңістігімен ұштастыра отырып, оқушыларға пәндерді жеке қарқынмен меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл үдерісте виртуалды AI-тәлімгер оқушыға бағыт-бағдар беріп, оқу барысын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Платформа интерактивті сабақтар, бейне және аудио түсіндірмелер, тест тапсырмаларын автоматты түрде құрастыру, сондай-ақ оқу жетістіктерін талдау сияқты мүмкіндіктерді ұсынады. Жобаның басты мақсаты – сапалы білімге қолжетімділікті арттыру, оқушылардың оқу мотивациясын күшейту және өңірдің білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу.