Home Кәсіби маман Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесімен қатар жасанды интеллект кластері құрылады

Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесімен қатар жасанды интеллект кластері құрылады

38

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластерін құру жоспарланып отыр. Бұл туралы LS басылымы хабарлады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, халықаралық Citi корпорациясы мен Freedom Holding Corp. компаниясының қатысуымен осы саладағы ауқымды кластер іске асырылады. Үшжақты меморандумға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында қол қойылды.

Жоба заманауи графикалық есептеу технологияларымен жабдықталады. Сондай-ақ мемлекеттік сектордың, ғылым мен бизнестің есептеу қажеттілігін қамтамасыз ететін деректерді өңдеу орталығы салынады. Бұл орталық жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу мен дамытуға арналған негізгі технологиялық алаңдардың біріне айналады.

Бұдан бөлек, келісім аясында цифрлық активтердің тұтас экожүйесін қалыптастыру көзделген. Бұл бастама Қазақстанның жаһандық қаржы жүйесіндегі орнын нығайтып, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Тараптар цифрлық банкинг пен трансшекаралық есеп айырысу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта блокчейн технологиялары кезең-кезеңімен енгізіліп, қаржы құралдарының ашықтығы артып, оларды нарық қатысушылары үшін қолжетімді етуге мүмкіндік жасалады.

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мұндай инфрақұрылым ел ішінде жасанды интеллект технологияларын дамытуға берік негіз қалайды. Оның пікірінше, бұл бағытты ілгерілету үшін жоғары өнімді есептеу қуаттарының болуы және жаңа технологияларды әзірлеуге қолайлы жағдай жасау аса маңызды.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, Citi және Freedom Holding Corp. компанияларымен меморандумға қол қойылуы әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластерін құру жобасын жүзеге асыру жолындағы кезекті маңызды қадам болып саналады. Оның айтуынша, бұл кластер инвестициялар мен жоғары білікті мамандарды, сондай-ақ технологиялық компанияларды тартатын орталыққа айналып, мемлекет, ғылым және бизнес үшін қажетті заманауи технологиялық инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.

Бекзада Ишекенова

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.