Қазақстанға әкелінетін мобильді құрылғылардың 60%-дан астамы заңсыз жолмен жеткізіледі. Бұл мемлекетке жыл сайын 100 миллиард теңгеден астам салықтық шығын келтіреді. Осыған байланысты елде импортталған смартфондардың «ақ тізімін» жасау ұсынылды, деп хабарлайды LS.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанға әкелінген мобильді құрылғылардың 64%-ы кедендік рәсімдеуден өтпеген. Бұл мемлекетке қосылған құн салығы (ҚҚС) түрінде 100 миллиард теңге шығын келтірген.
“Осы мәселені шешу үшін IMEI кодтарын кедендік деректермен біріктіріп, заңсыз әкелінген құрылғыларды анықтау қажет. Сондай-ақ IMEI-ді зияткерлік меншік нысандарының тізімімен салыстыру жүйесін енгізу керек. Біз импортталған құрылғылардың ашық базасын құрып, оны тұтынушылар үшін қолжетімді етуді ұсынамыз. Сонымен қатар, жеке қолдану үшін декларациясыз жылына екіден артық құрылғы әкелуге шектеу енгізу қажет” – деді депутат.
Ол, сондай-ақ, заңсыз телефондарды байланыс операторларының желісінде жүйелі түрде бұғаттауды ұсынды. Бұл шаралар заңсыз әкелінетін тауарлардың жолын кесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және салықтық әділеттілікті қалпына келтіруге көмектеседі.
Депутаттың айтуынша, смартфондар елге кедендік рәсімдеусіз кіргізіледі немесе түпнұсқа орнына арзан көшірмелер сатылады. Кейбір компаниялар құрылғыларды ресми түрде импорттайды, бірақ бағасын төмендетіп көрсетеді. Осылайша, қымбат флагмандық смартфондар арзан модельдер ретінде тіркеледі.
Бұған қоса, алаяқтар IMEI кодтарын көшіріп, заңсыз телефондарға тағайындайды. Бір кодты 5-6 құрылғы қолдануы мүмкін. Ал шекарадан өту кезінде салық төлемеу үшін бөтен немесе жалған құжаттар пайдаланылады.
Сондай-ақ , компаниялар алдымен салық төлеп, кейін құрылғыларды сыртқа қайта экспорттағандай көрсетіп, салықты кері қайтарып алады. Бірақ шын мәнінде, бұл телефондар ел ішінде заңсыз сатылымға шығады.
13 қаңтарда Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері жаңартылды. 24 наурыздан бастап байланыс құрылғылары үшін ақ, сұр және қара тізімдер енгізіледі.
Егер смартфон ресми дүкеннен сатып алынып, барлық салықтары төленсе, ол ақ тізімге енгізіледі.
Егер IMEI коды көшірілген болса, құрылғы уақытша сұр тізімге түседі. Иесі заңдылығын дәлелдеу үшін 30 күн уақыт алады.
Ал егер телефон жалған немесе ұрланған болып шықса, ол қара тізімге енгізіліп, бұғатталады.
Цифрландыру министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елде 3,7 миллион құрылғының IMEI кодтары қайталанады. Алайда бұл телефондар қолданыста болғандықтан, олар «ақ тізімге» енгізілетін болады.