Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар айналымын қатаң бақылауға бағытталған жаңа бастама талқылауға ұсынылды. Сауда және интеграция министрлігі аталған өнімдерді, сондай-ақ зергерлік бұйымдарды міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне енгізуді көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Құжатқа сәйкес, биологиялық белсенді қоспаларды міндетті цифрлық таңбалау 2026 жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен енгізіледі деп жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда бұл өнімдерге деген сұраныс айтарлықтай артқан. Нарық қатысушыларының бағалауынша, биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну көлемі жыл сайын шамамен 15–20 пайызға өсуде. Ұсынылып отырған жоба аясында Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызмет номенклатурасына сәйкес 57 тауарлық кодты қамтитын өнімдер тізімі цифрлық таңбалау жүйесіне енгізіледі. Бұл тізім биологиялық белсенді қоспа ретінде қолданылатын өнімдердің кең ауқымын қамтиды.
Дегенмен, саладағы мәселелер де аз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың тоғыз айында тексерілген 20 мыңнан астам өнім үлгісінің 25 пайызынан түрлі заңбұзушылықтар анықталған. Бұл көрсеткіш аталған өнімдердің айналымында жүйелі проблемалар бар екенін аңғартады.
Әсіресе халық денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер алаңдаушылық туғызады. Бұған қоса, отандық өндірушілер заңсыз тасымал мен жалған өнімдердің таралуына байланысты әділ бәсекенің бұзылып отырғанын алға тартады. Мұндай өнімдер көбіне төмен бағамен сатылып, заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлер үшін теңсіз жағдай қалыптастырады.
Министрлік ұсынған цифрлық таңбалау жүйесі осы түйткілдерді шешуге бағытталған. Жүйе тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, заңсыз әрі жалған өнімдердің үлесін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар адал нарық қатысушылары үшін тең бәсекелестік орта қалыптастырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, мемлекетке ел аумағындағы биологиялық белсенді қоспалар нарығы туралы нақты әрі объективті мәлімет алуға жол ашады.












