Елімізде 2026 жылға қарай Батыс-Шығыс оптикалық гипермагистралі салынады. Жақында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (МЦРИАП) мен Freedom Telecom Holding Ltd компаниясы арасында осы жобаны іске асыруға бағытталған меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, халықаралық мәліметтер ағынын сақтау мен өңдеуге арналған Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) құру бойынша келісім жасалды.
Бұл бастама Қазақстанға халықаралық мәліметтер транзиті үшін баламалы дәліз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Еуропа мен Шығыс Азияны жалғайтын жаңа бағыт елдің цифрлық қызметтер нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемдік ІТ-компанияларды тартуға жол ашады.
Гипермагистраль бұлтты технологиялар, қаржы жүйелері, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салалары үшін аса маңызды. Сонымен қатар, жаңа инфрақұрылым ірі халықаралық ІТ-компаниялар, телекоммуникациялық корпорациялар мен қаржы институттарының сенімді әрі жоғары жылдамдықты байланысқа қол жеткізуіне септігін тигізеді.
Қазақстанда салынатын Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталықтары ақпарат ағынын тұрақты басқаруға және мәліметтерді қауіпсіз өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық стандартқа сай орталықтар жоғары сенімділік пен үздіксіз жұмысты қамтамасыз етеді.
Батыс-Шығыс гипермагистралі салынған соң, Қазақстанның интернет-трафик транзитіндегі рөлі айтарлықтай күшейеді. Жоба мәліметтерді тасымалдау жылдамдығын арттырып, байланыс сапасын жақсартып, Еуропа мен Азия арасында баламалы цифрлық дәліз қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылы аяқталуы жоспарланған бұл жоба – елдің цифрлық болашағына жасалған стратегиялық қадам. Жаңа инфрақұрылым Қазақстанды Орталық Азияның цифрлық хабына айналдырып, халықаралық мәліметтер транзитіндегі үлесін арттыруға көмектеседі.