Home Және басқа ақпараттар Балаларға арналған Қазақстанда балаларға арналған қауіпсіздік бағдарламасына 140-тан астам тақырып енгізілді

Қазақстанда балаларға арналған қауіпсіздік бағдарламасына 140-тан астам тақырып енгізілді

9

Қазақстандағы балабақшаларда, мектептер мен колледждерде жеке қауіпсіздікке арналған сабақтардың мазмұны жаңартылды. Енді бағдарламаға 140-тан астам тақырып енгізілген. Олардың қатарында бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау ережелері, өрт кезіндегі әрекеттер, дипфейктерді тану, интернет-алаяқтықтан сақтану және оңай ақша табуды уәде ететін күмәнді ұсыныстарды ажырату бар. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жаңа тақырыптарды Оқу-ағарту министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген. Бағдарлама жеке және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер және денсаулықты сақтау мәселелерін қамтиды.

«Сабақтардың мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне қарай анықталады. Мектепке дейінгі жастағы балалар бейтаныс адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, көмек сұрап кімге жүгінуге болатынын және адасып кеткен жағдайда не істеу қажеттігін үйренеді. Бастауыш сынып оқушылары жеке шекарасын қорғауды, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін, күмәнді сілтемелердің қауіптілігін, сондай-ақ өрт кезінде және ғимараттан эвакуациялау барысында қалай әрекет ету керектігін меңгереді», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Жасөспірімдерге арналған сабақтарда буллинг пен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, жеке деректерді қорғау, жалған жаңалықтар мен дипфейктерді тану, жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мәселелеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар оқушылар қысым көрсету, бопсалау, ақша талап ету және аңду жағдайларында өздерін қалай қорғау керектігін біледі.

Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері өзге адамдардың банк карталары мен шоттарын заңсыз ақша айналымына пайдалануға байланысты дропперлік әрекеттерді, оңай ақша табуды ұсынатын күмәнді схемаларды, қаржылық және еңбек саласындағы алаяқтықты, интернеттегі қауіпті таныстықтарды, грумингті, сталкингті, айла-шарғы жасау мен заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдерін талдайды. Жастардың құқыққа қайшы әрекеттерге араласу қаупінің алдын алуға да ерекше көңіл бөлінеді.

«Қауіпсіздік сабақтары апта сайын сынып сағаты немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізіледі. Негізгі назар теорияға емес, өмірде кездесетін нақты жағдайларға аударылады. Балаларға қауіп-қатерді дер кезінде тану, өздерін қорғау және көмек сұрап кімге жүгіну керектігі үйретіледі», – деп толықтырды Оқу-ағарту министрлігі.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.