Мемлекет басшысының экономиканың барлық саласына цифрландыру мен жасанды интеллектіні жүйелі енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі AI Leaders 2026 флагмандық білім беру бағдарламасын іске қосты. Жоба Стэнфорд университетінің жасанды интеллектті зерттеу орталығы – Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence, ChatGPT әзірлеушісінің білім беру платформасы – OpenAI Academy және Кремний алқабындағы халықаралық Silkroad Innovation Hub орталығымен серіктестікте жүзеге асырылуда.
Бұл – академиялық сараптама мен практикалық қолдануды ұштастыратын, Орталық Еуразия кеңістігіне арналған жасанды интеллект саласындағы жетекшілерді даярлауға бағытталған ең ірі корпоративтік бағдарлама. Бағдарлама жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында сұранысқа ие басқарушылық құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Негізгі ұйымдастырушылардан бөлек, жобаға Lovable және CAYU платформалары серіктес ретінде қатысып, жасанды интеллект агенттері мен цифрлық шешімдер әзірлеу мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты да атсалысуда.
Бағдарламаның академиялық жетекшісі – Стэнфорд университетінің профессоры, жасанды интеллект бойынша әлемдік бестселлердің авторы, Google Research зерттеу бөлімінің бұрынғы директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі сарапшылық кеңестің мүшесі Питер Норвиг. Оның жетекшілігімен оқу мазмұны өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып бейімделген.
Оқу процесі 30 сағаттан астам уақытты қамтитын қарқынды тікелей сессиялар форматында өтеді. Барлық сабақтар қазақ, өзбек және орыс тілдеріне ілеспе аудармамен қамтамасыз етіліп, кең аудиторияның заманауи білімге қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Бағдарлама нысаналы оқыту үлгісіне негізделген: компаниялар оқуға командаларымен қатысады. Бұл тәсіл орта буын менеджменттен бастап жоғары басшылық деңгейіне дейінгі басқарушылық құзыреттерді кешенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Әр ұйым бағдарлама аясында өз қызметінің ерекшеліктеріне сай жасанды интеллект стратегиясын әзірлейді. Бұл Мемлекет басшысы қойған экономиканың негізгі секторларына жасанды интеллектті жүйелі енгізу міндетімен тікелей сабақтас. Қазіргі жағдайда ірі компаниялар мен институттардың жекелеген құралдарды сынақтан өткізу деңгейінен шығып, нақты нәтижеге бағытталған тұтас стратегиялар қалыптастыруы айрықша маңызды.
Бағдарламаға өңірдегі 150-ге жуық ірі ұйымның басшылары қатысуда. Олардың қатарында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері, соның ішінде Самұрық-Қазына, Бәйтерек ұлттық холдингтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, сондай-ақ Halyk Bank, Freedom Holding, Kaspi.kz, BI Group, Astana Motors, Beeline, Kcell, Bazis-A, Қазцинк, Transtelecom, Lancaster Group секілді жетекші компаниялар бар.
Оқыту әдістемесі үш кезеңнен тұратын жүйеге негізделген және қатысушыларды жасанды интеллектті түсінуден бастап оны нақты енгізуге дейінгі жолдан бірізді өткізеді. Алғашқы кезеңде тыңдаушылар Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence орталығымен бірге жасанды интеллекттің негізгі қағидаттарын, технологиялық шектеулерін және оның бизнес-процестер мен басқаруға ықпалын зерделейді. Екінші кезеңде OpenAI Academy алаңында жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді меңгеріп, сұрау құрастыру мәдениетін, модельдерді тиімді қолдану тәсілдерін және оларды нақты міндеттерде пайдалану жолдарын үйренеді. Қорытынды кезеңде CAYU және Lovable платформаларымен бірлесіп, қатысушылар жасанды интеллект агенттері мен қолданбалы шешімдерді әзірлеу және оларды бизнес пен түрлі салаларға енгізу дағдыларын қалыптастырады.












