Жер учаскесіне мемлекеттік акт рәсімдеу қажет болса, енді халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барудың қажеті жоқ. 2026 жылғы 12 шілдеден бастап бұл қызмет бойынша өтініштер тек eGov.kz порталы арқылы қабылданады. Тиісті өзгерістер Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен күшіне енді. Бұл туралы Digital Business Kazakhstan басылымы хабарлады.
Осы уақытқа дейін жер учаскесіне мемлекеттік актіні Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімдеуге мүмкіндік болған. Алайда енді бұл тәртіп күшін жойды. 2026 жылғы 12 шілдеден бастап өтінішті тек eGov.kz порталы арқылы электрондық түрде жолдауға болады.
Өтініш қаралғаннан кейін дайын құжат пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады. Қызмет толықтай онлайн форматта көрсетіледі. Ол үшін:
eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өту;
жер учаскесіне мемлекеттік акт беру қызметін таңдау;
өтінішті толтыру;
өтінішке қолжетімді электрондық сәйкестендіру тәсілдерінің бірі арқылы қол қою қажет.
Осыдан кейін өтініштің қаралу нәтижесін күту ғана қалады.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың басым бөлігі бұл қызметті бұрыннан интернет арқылы рәсімдеп келеді, өйткені мұндай тәсіл уақытты үнемдеп, қызметті әлдеқайда жеңіл алуға мүмкіндік береді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ дерегіне сәйкес, жер учаскесіне мемлекеттік акт алуға берілген өтініштердің 96 пайызы электрондық форматта жолданған. Осыған байланысты қағаз түрінде көрсету тәртібі тоқтатылып, қызмет толықтай цифрлық форматқа көшірілді.
Сонымен қатар азаматтар ХҚКО көмегінсіз қалмайды. Егер қызметті өз бетінше рәсімдеу қиындық тудырса, ХҚКО-ға жүгінуге болады. Дегенмен орталық қызметкерлері енді өтінішті азаматтың атынан қабылдамайды. Оның орнына келушілер өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында eGov.kz порталы арқылы өтінішті дербес рәсімдей алады.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












