Home Сараптама Қазақстан жұмыспен қамту саласын цифрлық жаңғырту стратегиясын таныстырды

Қазақстан жұмыспен қамту саласын цифрлық жаңғырту стратегиясын таныстырды

14

Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында елдің әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртудың негізгі бағыттарын таныстырды.

Ведомство басшысы Халықаралық еңбек ұйымы Бас директорының «Таңдау сәті: лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектті пайдалану» атты баяндамасында келтірілген тұжырымдармен Қазақстанның толық келісетінін атап өтті.

«Бүгінде жасанды интеллект еңбек нарығын бұрынғы технологиялық серпілістермен салыстырғанда әлдеқайда жылдам өзгертуде. Бұрын еңбек саясаты көбіне салдармен жұмыс істеуге негізделген болатын: адам жұмысынан айырылса – қайта оқытамыз, өндірісте жазатайым оқиға болса – бақылауды күшейтеміз. Ал жаңа жағдай мұндай тәсілдің жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Енді еңбек министрліктері тек реакция жасаудан бас тартып, деректерге негізделген алдын ала болжау мен тәуекелдерді басқару моделіне көшуі тиіс», – деді Аскарбек Ертаев.

Елде автоматтандыру қаупі жоғары мамандықтарды алдын ала айқындауға мүмкіндік беретін жұмыспен қамтуды болжаудың ұлттық жүйесі қалыптасып жатыр. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2035 жылға қарай жасанды интеллект Қазақстандағы еңбек ресурстарының шамамен 41%-ына әртүрлі деңгейде әсер етуі мүмкін. Дегенмен толық автоматтандыру қаупі төнетін жұмыс орындарының үлесі 1%-дан аспайды. Бұл кейбір мамандықтардың жойылуын емес, олардың ішкі мазмұны мен міндеттерінің өзгеруін білдіреді.

Азаматтарды жаңа дағдыларға бейімдеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Кәсіптерді трансформациялау ұлттық орталығы құрылып жатыр. Бұл орталық азаматтарға жұмысынан айырылу қаупі туындағанға дейін-ақ жеке оқу траекториялары бойынша қайта даярлаудан өту мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар, біліктілік жүйесі аясында жаңартылған экономика талаптарына сай 600-ден астам кәсіби стандарт өзектендірілуде.

Технологиялық жаңғыру еңбек қауіпсіздігі саласын да қамтып отыр. Қалыптасып жатқан цифрлық экожүйе жасанды интеллект шешімдерін пайдалана отырып, өндірістегі жазатайым оқиғалардың және еңбек құқықтарының бұзылу себептерін ерте кезеңде талдауға мүмкіндік береді. Бұл еңбек инспекциясының жұмысын жазалау сипатынан алдын алу бағытына қарай өзгертпек.

Бұдан бөлек, елде проактивті модель бойынша жұмыс істейтін жаңа буындағы цифрлық жұмыспен қамту қызметтері дамып келеді. Жасанды интеллект көмегімен жұмыс іздеушілерге бос орындар мен оқу бағдарламалары бойынша жеке ұсыныстар жасалады. Бүгінде осындай 50 мыңнан астам ұсыныс қалыптастырылған, ал жоба аясында 600 мыңнан астам азаматты қамту жоспарланып отыр.

«Жасанды интеллекттің шекарасы жоқ, сондықтан оның туындататын сын-қатерлеріне берілетін жауаптар да халықаралық деңгейде бірлесіп әзірленуі тиіс. Қазақстан жасанды интеллект енгізу еңбек дағдыларын дамытумен, еңбек құқықтарын қорғаумен және әлеуметтік диалогты нығайтумен қатар жүруі керек деген Халықаралық еңбек ұйымы ұстанымын қолдайды. Біз әділеттілік, қауіпсіздік, инклюзивтілік және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделген болашақ еңбек күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысуға дайынбыз», – деп түйіндеді министр.