Қазақстан ресми статистика жүйесіне ұялы байланыс деректерін енгізу арқылы ТМД кеңістігінде алғашқы болып туризм саласын цифрлы тәсілмен бақылауға көшті. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Дүниежүзілік банк қолдауымен Ұлттық статистика бюросы базасында жүзеге асып отыр.
Ұялы құрылғылардың қозғалысына негізделген деректер туристік ағындарды бұрынғыдан әлдеқайда нақты бақылауға жол ашты. Бюроның түсіндіруінше, жаңа тәсіл адамдардың нақты қозғалысын тіркеуге мүмкіндік береді. Енді бұрын есепке алынбай келген бір күндік сапарлар да ескеріледі. Осылайша, туризм көрсеткіштері анағұрлым толық әрі шынайы көрініс бере бастады.
2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта ұялы байланыс операторларының бірі ұсынған деректер негізінде жүргізілген пилоттық жоба ішкі туризмнің бұрын беймәлім қалып келген тұстарын ашып көрсетті. Зерттеу қорытындысы бір күндік сапарлардың үлесі ішкі сапарлардың алпыс пайыздан астамын құрайтынын айқындады. Яғни көпшілік жолаушылар бір күнге барып, түнемей қайтады.
Туристік қозғалыс ең жоғары деңгейге жазғы маусымда және ұлттық мерекелер қарсаңында жеткен. Әсіресе Наурыз, Жаңа жыл мен Жеңіс күні секілді мейрамдарда ел ішінде қозғалыс айтарлықтай артқан. Ал 2024 жылдың 21 наурызы көктемгі демалыстың қызған шағы ретінде есте қалды. Дәл сол күні үйден тыс түнегендердің ең жоғары көрсеткіші тіркелген.
Сондай-ақ мәліметтерге сәйкес, астаналықтар көбіне Ақмола облысы мен Алматы қаласын таңдайды. Бұл екі бағыттың арақашықтығы әртүрлі болғанымен, сұраныс жоғары.
Дүниежүзілік банктің экономисі әрі кеңесшісі Метин Небилер бұл бастаманы аймақтық деңгейдегі ірі жетістік деп бағалады.
«Қазақстан бүкіл ТМД мен өңір үшін цифрлы статистиканың жаңа стандартын орнатып отыр. Бұл – тек техникалық жаңалық емес, туристік ағындарды өлшеудің және оларды талдаудың жаңа парадигмасы», – деді ол.
Ұлттық статистика бюросы болашақта байланыс операторларымен ынтымақтастықты кеңейтіп, мобильді деректерге негізделген көрсеткіштерді тұрақты түрде жариялап отыруды жоспарлап отыр. Мұндай әдіс тек туризм саласында ғана емес, көші-қон үдерістерін зерттеуде де тиімді құралға айналмақ.