Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан мектептері мен колледждерінде «111» орталығының QR-кодтары енгізілді

Қазақстан мектептері мен колледждерінде «111» орталығының QR-кодтары енгізілді

19

2025 жылдың қаңтарынан бастап мектеп пен колледждерде «111» байланыс орталығына жүгіну үшін QR-кодтар енгізілді. Бұл бастама Қазақстан Республикасындағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен жүзеге асырылды. Байланыс орталығы отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді.

Енді балалар мен ата-аналар «111» нөміріне қоңырау шалумен қатар, QR-код арқылы да өтініш жібере алады. Мұндай кодтар білім беру мекемелерінде, балалардың жиналатын орындарында және автобус аялдамаларында орналастырылған. Бұл жаңашылдық көмекке жүгіну процесін жеңілдетіп, оны барынша тиімді әрі қолжетімді етеді.

«Бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы хабарласа алатын. Қазір QR-код арқылы өтініш жіберу мүмкіндігі пайда болды. Бұл әдіс көмекке жүгінуді жылдам әрі ыңғайлы етіп, анонимді түрде қолдау алуға жол ашады. Осылайша, балалардың сұрауларына дер кезінде жауап беру қамтамасыз етіледі», – деп мәлімдеді Білім беру министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

2024 жылы байланыс орталығына балалардан шамамен 1000 өтініш түскен. Барлық өтініштер бойынша ақпараттық қолдау көрсетіліп, психологиялық көмек ұйымдастырылды. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар қабылданды.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың шілде айында қабылданған әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң аясында «111» байланыс орталығының қызметі заңды түрде бекітілді.