Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Smart City / Smart Region тұжырымдамасын қалыптастыруға арналған әдістеменің жаңа нұсқасын бекітті. Құжат өңірлерді жасанды интеллект, деректер және заманауи цифрлық технологиялар негізінде цифрлық түрлендірудің бірыңғай тәсілдерін айқындайды.
Жаңартылған әдістеме Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленіп, жекелеген цифрлық жобаларды іске асырудан аумақтарды басқарудың біртұтас зияткерлік жүйесін қалыптастыруға көшуді көздейді. Мұнда жасанды интеллект, деректер мен цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың негізгі тетігіне айналып, жасанды интеллектке негізделген қалалар мен өңірлердің жаңа моделін қалыптастыруға жол ашылады.
Әдістемедегі негізгі жаңалықтардың бірі жобаларды бірыңғай сәулеттік және функционалдық талаптар негізінде іске асыруға көшу болды. Бұл ақпараттық жүйелердің бір-бірін қайталауына жол бермей, олардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар әзірлеу мен техникалық қолдауға жұмсалатын шығынды азайтып, өңірлердің ортақ цифрлық кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Міндетті түрде іске асырылатын бастамалардың тізімі де едәуір кеңейтілді. Бұған дейін көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы негізгі жобалар қамтылса, енді әдістемеге цифрлық дамудың мынадай жаңа бағыттары енгізілді:
- ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған инфрақұрылым;
- әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын зияткерлік жүйе арқылы бақылау;
- цифрлық инфрақұрылымы бар қос мақсатта пайдаланылатын тіректер;
- білім беру ұйымдарында интернеттің қолжетімділігін бақылау;
- мәслихаттардың жұмысын цифрландыру;
- өңірлік IT-хабтар мен аудандық IT-орталықтарды дамыту.
Сонымен қатар ақылды аялдамалар, цифрлық музейлер мен кітапханалар, 3D және виртуалды шындық технологияларына негізделген саяхаттар, сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын бақылау жүйелерін енгізу қарастырылған.
Әдістемеде аумақтарды басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдануға айрықша мән берілген. Өңірлік талдау орталықтары, Data Lake деректер қоймалары және зияткерлік сервистер басқару тәсілін оқиға орын алғаннан кейін әрекет етуден оның алдын ала болжамын жасауға және деректерге сүйене отырып шешім қабылдауға қарай өзгертеді. Бұл өңірлерді басқаруда жасанды интеллектке негізделген жаңа модельді енгізуге мүмкіндік береді.
Жаңа әдістеменің бекітілуі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асырудағы және елдің заманауи цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Құжат өңірлер арасында тиімді шешімдерді кеңінен енгізуге, зияткерлік қалалар мен өңірлерді дамытуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға негіз болады.
Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әдістемеде белгіленген талаптарды іс жүзінде жүзеге асыруға және Қазақстанның барлық өңірінде жасанды интеллектке негізделген қалалар мен өңірлерді басқарудың бірыңғай моделін енгізуге кіріседі.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.
Известия












