Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастады

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастады

14

2025 жылғы маусым айындағы Speedtest Global Index деректеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы жөнінен әлемдік рейтингте үш сатыға көтеріліп, 103 елдің ішінде 47-орынға жайғасты. Елдегі орташа мобильді интернет жылдамдығы 87,27 Мбит/с-қа жеткен. Бұл туралы Finprom.kz сарапшылары мәлімдеді, деп жазады «Сапалы Қазақстан» порталы.

«Қазақстан ТМД кеңістігінде ешбір елге дес бермей, айқын басымдықпен көш бастап тұр», – дейді сарапшылар.

Мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бойынша Қазақстан мына елдерден озып отыр:

Әзербайжаннан – 20% жоғары (55-орын, 72,52 Мбит/с);

Армениядан – 48% (67-орын, 59,03 Мбит/с);

Өзбекстаннан – 56% (71-орын, 55,78 Мбит/с);

Молдовадан – 61% (72-орын, 54,25 Мбит/с);

Қырғызстаннан – 61% (73-орын, 54,07 Мбит/с);

Украинадан – 63% (74-орын, 53,65 Мбит/с);

Ресейден – 2,3 есе (88-орын, 37,61 Мбит/с);

Беларусьтан – 4,9 есе (102-орын, 17,97 Мбит/с). Беларусьтің жағдайы рейтингтің соңына жақын.

Сарапшылар Қазақстан тек ТМД-ны ғана емес, сонымен қатар интернет инфрақұрылымы дамыған көптеген елдерді де басып озғанын атап өтті. Олардың қатарында – Гонконг, Венгрия, Испания, Германия, Ұлыбритания, Түркия, Ирландия және тіпті Жапония бар.

Мұндай серпінді өсім соңғы жылдардағы жүйелі инфрақұрылымдық дамудың және жаңа технологияларды ендірудің нәтижесі. 2025 жылдың өзінде-ақ интернет жылдамдығы 6,7%-ға артқан.

Сарапшылар мұны елімізде 5G желісінің қарқынды енгізілуімен байланыстырады. Ookla деректеріне қарағанда, Қазақстанда 5G жылдамдығы 4G-мен салыстырғанда 10 еседен аса жоғары. Қазіргі таңда бұл технологияны Tele2/Altel мен Kcell байланыс операторлары дамытып жатыр.

5G тек жалпы рейтингке ғана емес, Қазақстан қалаларының да позицияларына оң әсерін тигізіп отыр. Астана мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемнің 43-орнында (152,95 Мбит/с), ал Алматы 63-орында (131,96 Мбит/с) орналасқан.

«Айтпақшы, баршаға мәлім Токио бұл тізімде тек 94-орында ғана. Ондағы жылдамдық – небәрі 72,5 Мбит/с», – деп түйіндеді сарапшылар.