Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан Firebird AI компаниясының негізгі нарықтарының біріне айналды

Қазақстан Firebird AI компаниясының негізгі нарықтарының біріне айналды

13

Firebird компаниясының жаңа нысаны өңірдегі NVIDIA DSX архитектурасына негізделген қолданыстағы ең ірі жасанды интеллект фабрикасына айналды. Компания 2027 жылдың соңына дейін Армениядағы бастапқы инфрақұрылымының ауқымын кеңейтіп, NVIDIA Rubin және Blackwell графикалық процессорларының санын 70 мыңнан асыруды және есептеу қуатын 300 МВт-қа жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстан компанияның екінші нарығына айналды. Қазір Firebird жоба операторы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Екібастұзда қуаты 125 МВт болатын Data Center Valley деректер орталығын дамытуда.

Жоба Қазақстан Үкіметінің қажетті келісімдерін алды. Сонымен қатар АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы (BIS) тиісті технологияларды жеткізуге экспорттық рұқсат берді. NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг өз сөзінде Қазақстанға арнайы тоқталды.

«Firebird компаниясымен бірлесіп Армения мен Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын құрып жатырмыз. Бұл елдердегі зерттеушілерге, стартаптарға және өнеркәсіп өкілдеріне жасанды интеллектіні өз елдерінде дамытуға, халықаралық жаңашылдарды тартуға және жаһандық AI экономикасына қатысуға қажетті есептеу негізін береді», – деді ол.

Мұндай экожүйені қалыптастыру тек деректер орталықтарын салу мен есептеу қуатын арттырумен шектелмейді. Қазақстан халықаралық цифрлық байланыстарын да қатар күшейтіп келеді. Соның бірі Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасы болып отыр. Ол Еуропа бағытына деректер жеткізудің жаңа жоғары жылдамдықты бағытын қалыптастырып, ірі деректер орталықтары мен жасанды интеллект жобалары үшін маңызды инфрақұрылымдық негіз болмақ.

Сонымен қатар халықаралық компаниялардың деректері мен цифрлық инфрақұрылымын Қазақстанда қауіпсіз орналастыруға қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Жаһандық технологиялық компаниялардың жұмысына қолайлы реттеуші орта да жетілдірілуде.

Firebird халықаралық ауқымдағы қызметін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания 2028 жылдың соңына дейін Армения, Қазақстан және басқа да нарықтардағы жасанды интеллект инфрақұрылымының жиынтық қуатын 2 ГВт-қа жеткізуді көздейді.

Firebird сонымен бірге NVIDIA-ның компанияға инвестиция салуға ниетті екенін хабарлады. Бұған дейін Firebird-ке CoreWeave инвестиция салған болатын. Компанияның мәліметінше, тартылған қаражат жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымын жедел дамытуға бағытталады. Осылайша, Қазақстан жоғары өнімді есептеу жүйелерінің қалыптасып келе жатқан халықаралық желісіне қосылып, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға қолайлы өңірлік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді.

Анықтама үшін, Firebird Inc. – жасанды интеллектіге арналған бұлттық шешімдер мен инфрақұрылым әзірлейтін америкалық компания. Компания халықаралық нарықтарда ауқымын кеңейтуге болатын графикалық процессорларға негізделген есептеу инфрақұрылымын дамытады.