Home Сараптама Қазақстан еңбек ресурстарын басқаруда цифрлық және AI модельдерін дамытуды күшейтті

Қазақстан еңбек ресурстарын басқаруда цифрлық және AI модельдерін дамытуды күшейтті

21

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Еуразиялық экономикалық форум – 2026 аясында өткен «Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы ЕАЭО еңбек ресурстары нарығын дамыту» атты тақырыптық сессияда одаққа мүше мемлекеттердің салалық министрліктері басшылары мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудағы Қазақстанның озық тәжірибесін және жасанды интеллект дәуірінде адами капиталды басқаруға арналған болжамдық модельдерді таныстырды.

Қазіргі таңда ауқымды технологиялық өзгерістер жағдайында мемлекеттер арасындағы бәсекелестік сипаты түбегейлі өзгеруде. Егер бұрын негізгі назар инвестиция тартуға аударылса, бүгінде еңбек ресурстарының жаңа технологияларға бейімделу жылдамдығы басты артықшылыққа айналып отыр. Қазақстан бұл сын-қатерге деректерге негізделген мемлекеттік басқару қағидаттарын енгізу және болжамдық талдау тетіктерін кеңінен пайдалану арқылы жауап беруде.

«Еуразиялық экономикалық одақтың еңбек нарығы терең технологиялық трансформация кезеңінде дамып келеді. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, демографиялық өзгерістер мен жұмыспен қамту модельдерінің жаңаруы біздің жұмысымызға жаңа тәсілдерді талап етеді. Бүгінде мемлекеттер инвестициялар үшін ғана емес, адами капитал, кәсіби құзыреттер және жұмыс күшінің жаңа технологияларға бейімделу қарқыны үшін де бәсекеге түсуде», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы.

Министрдің айтуынша, қазіргі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – көші-қон үдерістерін цифрландыру. Осы бағыттағы алғашқы практикалық қадамдардың бірі ретінде Migration.Enbek.kz порталы іске қосылған. Аталған платформа арқылы мигранттар, жұмыс берушілер және мемлекеттік органдар шетел азаматы ел аумағына келмей тұрып-ақ бірыңғай цифрлық кеңістікте өзара әрекеттесе алады.

«Бүгінде портал аясында 24 мемлекеттік қызмет толық цифрландырылды, оның ішінде 11 қызмет мобильді қосымша арқылы қолжетімді. Пайдаланушылар саны 140 мыңнан асты. Қызмет көрсету үдерістері өтініш берушінің жеке қатысуынсыз автоматтандырылған тәртіпте жүзеге асырылады», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Баяндаманың негізгі бөлігі жұмыспен қамтудың толық өмірлік циклін қамтитын Enbek.kz цифрлық экожүйесі негізінде жасанды интеллект құралдарын енгізудің нақты нәтижелеріне арналды. Қазіргі уақытта жасанды интеллект мемлекеттік еңбек саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған үш негізгі бағыт бойынша қолданылуда.

Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі бос жұмыс орындарын іріктеу жүйесі түйіндемелерді екі секундтан аз уақыт ішінде өңдейді және бүгінге дейін 50 мыңнан астам ұсыныс берген. Жұмыспен қамту шаралары жөніндегі AI-агент шамамен 600 мың жұмыссыз азаматты қамтыған. Ал кәсіби стандарттарды әзірлеуге арналған AI-жүйе жыл сайын 150-ге дейін кәсіби стандартты дайындауға мүмкіндік береді.

Сессия барысында Асқарбек Ертаев еліміздің екі өңірінде пилоттық режимде Цифрлық жұмыспен қамту қызметін іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл бастама еңбек нарығын басқарудың болжамдық моделіне көшу үдерісін нығайтуға бағытталған. Жоба аясында еңбек шарты тоқтатылған жағдайда азаматқа бірден қолайлы бос жұмыс орындары көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар оның цифрлық профилі негізінде автоматты түрде жеке жұмыспен қамту жоспары қалыптастырылады.

Министр сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне арналған төрт стратегиялық бастаманы ұсынды. Олар – ЕАЭО аумағында еңбек мигрантының бірыңғай цифрлық профилі стандартын енгізу, көші-қон ағындары туралы деректермен нақты уақыт режимінде цифрлық алмасу жүйесін қалыптастыру, еңбек нарығының қажеттіліктерін болжау мақсатында жұмыспен қамту және біліктілік жөніндегі ақпараттық деректер алмасуын ұйымдастыру, сондай-ақ ЕАЭО кеңістігіндегі цифрлық платформаларда еңбек ететін қызметкерлердің құқықтарын қорғауға арналған үйлестірілген құқықтық нормаларды қалыптастыру.

Ұсынылған бастамалар өңірлік еңбек нарығының тұрақтылығын арттыруға, адами капиталды тиімді басқаруға және цифрлық экономиканың жаңа талаптарына сай келетін заманауи еңбек қатынастарын дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық интеграциясын тереңдетуге және еңбек ресурстарының сапалы дамуына жаңа серпін береді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.