Home Ақша Қазақстанға әлемдік IT-таланттарды қалай тартуға болады?

Қазақстанға әлемдік IT-таланттарды қалай тартуға болады?

18

Қазақстан шетелдік IT-мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын «Digital Nomad Residency» пилоттық жобасын ұсынды. Бағдарлама цифрлық экономиканы дамыту мақсатында әлемнің түкпір-түкпіріндегі IT-таланттарды елге тартып, тұрақты тұруға жағдай жасауға бағытталған.

«Digital Nomad Residency» бағдарламасы IT саласында жұмыс істейтін шетелдік мамандарды тартуға бағытталған. Ол Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсатты (ТТР) жеңілдетілген тәртіпте алуға мүмкіндік береді.

Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар шетелдік IT-маман Astana Hub порталы арқылы сұранысқа ие мамандықтар тізіміне сәйкестігін растайтын салалық мемлекеттік органның қолдау хатын алу үшін өтініш береді. Үміткер шетелдік төлқұжатының көшірмесін, түйіндемесін, портфолиосын, уәждемелік хатын, соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы және 3,5*4,5 өлшеміндегі түрлі түсті фотосуретін ұсынады.

Нәтижесінде үміткер оның біліктілігі мен IT-маман ретіндегі мәртебесін растайтын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдау хатын алады. Осыдан кейін шетелдік IT-маман ТТР алу үшін eGov.kz порталында алдын ала мақұлдау рәсімінен өтуі қажет.

Қызметті пайдалану үшін қажет:

eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» → «Азаматтық, көші-қон және иммиграция» → «Шетелдіктер: ҚР-ға кіру және азаматтық» бөліміне өту;

«Шетелдік IT-мамандарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» қызметін таңдап, «Онлайн қызметке тапсырыс беру» батырмасын басу;

Көші-қон полициясы басқармасын таңдау;

Шетелдік төлқұжаттың көшірмесін (өтініш берген күні жарамдылық мерзімі 180 күннен асуы керек), консулдық растаумен жасалған аудармасын және 35х45 мм өлшеміндегі сандық фотосуретті жүктеу;

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сұранысқа ие мамандықтарға сәйкестігі туралы қолдау хатын тіркеу;

Өтініш берушінің азаматтығы немесе тұрақты тұратын мемлекеті берген соттылығының жоқтығы туралы заңдастырылған құжатты тіркеп, «Әрі қарай» батырмасын басу;

Қажетті өрістерді толтыру;

ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою;

Өтінішті жүктеп, танысу;

Ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын дербес деректерді пайдалануға келісім беру;

Жүктелген және толтырылған өтінішті тіркеу;

Өтінішті жіберу.

Қызмет көрсету нәтижесі пайдаланушының Жеке кабинетіндегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде қолжетімді болады.

Оң шешім шыққаннан кейін маман Қазақстанға келіп, халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) құжаттарын рәсімдейді.

Өтінішті қарау мерзімі – 45 күнтізбелік күн. Осы уақыттан кейін мамандар Қазақстанға келіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) рәсімдеуді аяқтай алады.

Жоба ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон қызметі комитеті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі