АҚШ-та өткен WAFFLE WPI халықаралық робототехника чемпионатында Орал қаласының Tidal Tumble командасы Engineering Excellence Awards аталымы бойынша екінші орын иеленді, деп хабарлайды digitalbusiness.kz. Сонымен қатар, олар Robot Performance санатында алтыншы орынға ие болды.
Бұл турнирге әлемнің 108 елінен 650-ден астам команда қатысып, мектеп оқушылары арасындағы ең ауқымды инженерлік және робототехникалық сайыс ретінде танылды.
Tidal Tumble құрамында Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағытындағы оқушылары бар: Серік Әлихан, Таир Уашев, Беркін Нұрымхан, Серіков Ильяс, Таир Назар, Фаррух Төрекожа, Азат Абрахманов, Серіков Әділхан және Сейтенов Әділет.
AquaAeris деп аталатын олардың жобасы — ауадан ауызсу алуға арналған экологиялық әрі автономды жүйе. Бұл құрылғы шөлейт аймақтардағы таза су тапшылығын шешуге бағытталған. Күн панельдері мен жел турбиналары арқылы жұмыс істейтін қондырғы тәулігіне 20 литрге дейін таза ауызсу өндіре алады.
⠀
Жоба отбасыларға, шағын ауылдарға және гуманитарлық миссияларға арналған шешім ретінде ұсынылып отыр. Ең бастысы – энергия үнемдеп, қоршаған ортаға зиян келтірмей жұмыс істеуі. AquaAeris халықаралық сарапшылардың да назарын аударып, болашағы бар бастама ретінде бағаланған.
Жоба су технологиялары мен тұрақты даму саласындағы халықаралық сарапшылардың назарын аударды.
Бұған дейін Tidal Tumble командасы USTEM Foundation қоғамдық қоры мен ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты “Дарын” Республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен ұйымдастырылған Central Asia FIRST Championship атты Орталық Азия чемпионатында жеңіске жетіп, әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Сондай-ақ, жарыс аясында “Робот дизайны” аталымы бойынша бірінші орынға ие болған.
Дайрабай Бекжанов Digital Business