Жаздың жайдары күнінде аулаға достарыңмен кәуап пісіріп, кеш батқанша от басында әңгіме-дүкен құру — көпшілік үшін жаздың ажырамас бір бөлігі. Алайда соңғы күндері жұртшылықты алаңдатқан жаңалық — «шашлық үшін айыппұл салынады» деген мәлімдеме. Әсіресе бақша-үйдің иелері мен саяжай тұрғындарын дүрліктіргені рас. Желі қолданушылары тіпті бақылау дрондары туралы жарыса жазуда. Шын мәнінде жағдай қандай? Түсініп көрелік.


Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт қауіпсіздігі ережелері 2022 жылы-ақ қабылданған. Алайда 2024 жылы бұл құжатқа бірқатар өзгерістер енгізіліп, талаптар күшейтілді. Енді тек ескерту емес, едәуір көлемдегі айыппұлдар да қарастырылған.
Мәселен. fулада немесе рұқсат етілмеген жерде от жағу, қоқыс өрттеу — 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең айыппұлға алып келеді. Бұл шамамен 78 640 теңге.
Егер мангал үйге тым жақын орналастырылса немесе қасыңызда өрт сөндіруге арналған құрал болмаса, бұл жалпы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып саналады. Мұндай жағдайда алдымен ескерту, кейін 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Бір жыл ішінде тәртіпті қайта бұзғандар үшін айыппұл 10 АЕК (393200 теңге) болады.
Ал ұлттық саябақтар немесе басқа ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда от жағу 100 АЕК мөлшерінде, яғни 393 200 теңге айыппұлмен жазаланады.
Егер от жағу салдарынан өзге азаматтардың мүлкіне шығын келтірілсе немесе біреудің денсаулығына зиян тисе, бұл енді әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік болып есептеледі. Мұндай жағдайда айыппұл 2000 АЕК-ке дейін өсіп, 7 миллион 864 мың теңгеге жетуі мүмкін. Тіпті бостандықтан айыру жазасы да қарастырылған.

Отпен ойнаудың салдары ауыр: шенеуніктер неге дабыл қағып отыр?
Соңғы жылдардағы өрт оқиғалары мен адам шығыны – төтенше жағдайлар қызметін бұрынғыдан да қатаң тәртіпке итермелеп отыр. Өкінішке қарай, тұрғындар оттың ашық алаудай жайылып кететінін әркез түсіне бермейді. Әсіресе жазғы шілдеде, құрғақ әрі желді күні тілсіз жау әп-сәтте үлкен аумақты шарпып үлгереді.
Мәселен, өткен сенбіде Павлодар облысында бірнеше ондаған дача өртке оранып, 370-тен астам жер телімі жанып кеткен. Бұл деректі BaigeNews.kz келтірді.
Бұл оқиғаға байланысты Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Құрмет Жүмекенов те пікір білдірді:
«Жел күшейген сәтте отты тоқтату қиынға соғады. Саяжай үйлердің жанып кетуі жиі кездеседі. Мәселен, өткен аптада Павлодар облысында бір күнде 370 саяжай отқа оранды. Мұның бәрі — қауіпсіздік ережесін елемеудің салдары», — дейді ол.

Ал Шығыс Қазақстан облысында бір тәуліктің өзінде ғана 15 рет шөп өртін сөндіруге шыққан. Бұл да BaigeNews.kz дерегі.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа тәсілге көшпек. Яғни, саяжай аумақтарда өрттің алдын алу мақсатында арнайы дрондар пайдаланылатын болады. Бұл туралы informburo.kz тілшісіне ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев мәлімдеді.
«Дрон — бұл жай ғана техника емес. Олар нақты координаталар мен фотофиксация арқылы оттың қайдан тұтанғанын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Бұл — жауаптыны анықтауда, алдын алуда маңызды құрал», — дейді ол.

«Дрондарды көкке көтеріп, саяжай аумақтарында құрғақ шөп жағып жатқан адамдарды анықтаймыз. Егер азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаса, сол аумаққа барып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деді ол брифинг барысында.
Қазіргі уақытта құтқарушылардың қарамағында шамамен 160 дрон бар. Негізгі назар от жағу мен құрғақ шөпті өртеуге аударылады, себебі бұл – өрттің жиі таралуына себеп болатын басты факторлар.
«Төрт өңірде ұшуға бейімделген, ауқымды аумақты қамтитын дрондар бар. Олар Қостанайда, Семейде және Шығыс Қазақстан облысында орналасқан. Өрт қаупі жоғары кезеңде бұл құрылғылар орман алқаптарын бақылап, жағдайды үнемі қадағалап отырады», – деп нақтылады Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында рейдтік шаралар басталып кетті. Ереже бұзған үш тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жағдайды тұрақтандыру және халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында ШҚО ТЖД мамандары, ҚР ТЖМ екінші құтқару батальонының әскери қызметкерлері мен еріктілер саяжай аумақтарында профилактикалық рейд ұйымдастырды. Өрт жиі тұтанатын аумақтарда мониторинг жүргізу үшін дрон қолданылды. Ол биіктен тұтанған ошақтарды тез анықтап, қауіпсіздік талаптары бұзылған учаскелерді нақты көрсете алады», – делінген ТЖМ таратқан ресми мәліметте.

Өскеменде рейдтік шаралар сәуір айынан басталды. Өйткені өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бұл өңірде тәулігіне 30-ға жуық құрғақ шөптің тұтану дерегі тіркеліп, 100 тоннадан астам су жұмсалған.
«Жағдайды тұрақтандыру және халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында Өскемен қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары саяжай аумақтарында профилактикалық рейд ұйымдастырды. Көбіне өрт ошақтары от жағу мен шөп өртеуден туындайды», – деп хабарлайды Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бақылау жүргізу үшін мамандар ұшқышсыз басқарылатын дрон құрылғысын қолданған. Бұл құрылғы 200 метр биіктіктен өрттің тұтанған жерін жылдам анықтап, қауіпсіздік талаптары бұзылған аумақты нақты көрсетіп бере алады. 2,5–3 шақырым қашықтықтағы жағдайды нақты уақытта экраннан бақылауға мүмкіндік бар.
«Бір шара ойластырып, қауіпсіздікке сай шешім қабылдау керек. Тұтастай тыйым салуға да болмайды. Бұл – менің жеке пікірім», – дейді «Радуга» бағбандар тұтынушылар кооперативінің төрағасы.
Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері саяжай иелеріне құрғақ шөп пен бұтақтарды ашық алаңда емес, арнайы орындарда – темір бөшкелерде, мүмкіндігінше қақпағы бар ыдыстарда жағуға кеңес берді. Мұндай жағдайда қасында су құйылған шелек немесе өрт сөндіргіш құрал міндетті түрде болуы тиіс.

Соңында, басты ережелерді еске салғымыз келеді.
Саяжай аумағында шашлық дайындауға рұқсат етіледі, бірақ бірнеше шарт сақталуы тиіс:
Оттық арнайы ашық алаңда, тұрғын үй мен құрылыстардан кемінде 10 метр қашықтықта орнатылуы керек;
Пештің айналасында құрғақ шөп пен жанғыш материалдар болмауы тиіс;
Пештің үстінде ағаш бұтақтары салбырап тұрмауы қажет;
Қасыңызда бөшке су немесе өрт сөндіргіш құрал болуы міндетті.
Ауа райына ерекше мән берілуі керек — жел болмайтын кезде ғана от жағуға рұқсат.
Ашық отты құрылыс құрылыстарынан кемінде 50 метр қашықтықта жағуға болады (бірақ бұл көбіне мүмкін емес). Сондай-ақ, от маңында құрғақ шөп болмауы тиіс және өрт сөндіруге қажетті құралдар болуы қажет.

Қоқыс, бұтақтар, шөп арнайы бөлінген орындарда немесе қақпағы мен түтігі бар ыдыстарда жандыруға рұқсат етіледі, бірақ міндетті түрде өрт сөндіруге арналған құралдар болуы шарт.
Отты қараусыз қалдыруға қатаң тыйым салынады. Шашлық пісіріп болған соң немесе бақша қалдықтары жанған соң күлді мұқият сөндіріңіз.
Кез келген жерде ескі, құрғақ шөпті жағуға және табиғатты қорғау аймақтарында от жаққанына қатаң тыйым салынады.
Осы қарапайым ережелерді сақтау — біздің қауіпсіздігімізге қамқорлық жасау деген сөз. Бұл табиғатты, мүлікті, тіпті біреудің өмірін сақтауға көмектеседі. Өйткені от абайсыздықты кешірмейді.