Home Ойын-сауық Киберспорт Астанада студенттер арасында ауқымды кибертурнир өтті

Астанада студенттер арасында ауқымды кибертурнир өтті

29

Елордада студенттер арасында ұйымдастырылған Honor of Kings ойыны бойынша ірі киберспорттық турнир өз мәресіне жетті. Турнир барысында жастар өзара шеберлік байқасып, үздіктердің кім екенін анықтады.

2024 жылдың сәуір айының ортасында Qazaq CyberSport Federation Honor of Kings ойыны бойынша Kazakhstan University Challengers Cup турниріне қатысушыларды тіркеу басталған еді. Honor of Kings — 2015 жылы TiMi Studio Group әзірлеп, Tencent Games компаниясы ұсынған мобильді командалық онлайн-ойын. Ойынның мақсаты – қарсылас команданың қорғанысын бұзып, негізгі кристалды жою. Әр ойыншы өзіндік қабілеті бар кейіпкерді басқарады және қарсыластардан бөлек, ойын ішіндегі бейтарап кейіпкерлермен де күресуге тура келеді.

Астанада студенттер арасында ауқымды кибертурнир өтті

Бүгінде әлем бойынша миллиондаған адам күн сайын ойнайтын бұл ойын – ең танымал мобильді кибердисциплиналардың бірі саналады.

Qazaq CyberSport Federation атқарушы директоры Қазбек Жаңғазиевтің айтуынша, Қазақстан киберспорт федерациясы былтырдан бастап әлемдік ірі ойын әзірлеушілермен бірлескен жобаларды қолға алуды жоспарлаған. Нәтижесінде, 2023 жылдың күзіне қарай Tencent компаниясына тиесілі PUBG Mobile ойынына арналған серверлер Қазақстан аумағында іске қосылды.

Астанада студенттер арасында ауқымды кибертурнир өтті

Ал Honor of Kings ойыны бойынша өткен турнир 20-28 сәуір аралығында аралас форматта ұйымдастырылды. Алғашқы кезең – онлайн іріктеу 20-21 сәуірде өтіп, үздік 16 команда іріктеліп алынды. Олар 26 сәуір күні онлайн плей-оффтың алғашқы кезеңінде бақ сынады. Ал 28 сәуірде өткен ақтық сында мықтылар 1,35 миллион теңге көлеміндегі жүлде қоры үшін тартысты ойын көрсетті.

Турнир жеңімпаздары:

1 орын – Major Pride AIU – 750 000 ₸

2 орын – Rune Eaters Narxoz – 350 000 ₸

3 орын – RUKH ESPORTS x ENU – 200 000 ₸

4 орын – Impetus Reges AITU – 50 000 ₸

Астанада студенттер арасында ауқымды кибертурнир өтті

«Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да үлкен жеңістер тілейміз. Сонымен қатар, турнирге атсалысқан барлық қатысушылар мен көрермендерге алғыс айтамыз. Әсіресе, Level Infinite, TiMi және Infinix сынды серіктестерімізге турнирді ұйымдастыруда көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деді QCF атқарушы директоры Қазбек Жаңғазиев.