Home Технологиялар Инновациялар Астанада мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың жаңа бастамалары таныстырылды

Астанада мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың жаңа бастамалары таныстырылды

33

Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун цифрлық жаңғырту жұмыстарының нәтижесін жариялап, мемлекеттік қызмет көрсетудегі жаңа шешімдермен бөлісті.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары бір жарым мыңнан астам бизнес-үдеріс қайта қаралып, қағазбастылық айтарлықтай азайған. Соның арқасында мемлекеттік органдардың жұмысы жеделдеп, көптеген қызмет түрлері толықтай онлайн форматқа көшті.

Айта кетсек, бүгінде жоғары оқу орындарына қабылдау eGov порталы мен Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ «Еуропротокол» сервисі іске қосылып, жол-көлік оқиғаларын полициясыз ресімдеуге мүмкіндік берді. Ал шағын айыппұлдарды автоматты өндіріп алу жүйесі азаматтарға жыл сайын шамамен 700 миллион теңгеге дейін үнемдеуге жол ашуда.

Жаңа бастамалардың ішінде орман өртін ерте анықтау жүйесі ерекше аталды. Бұл жаңашылдықтың арқасында өртті бастапқы кезеңде байқап, шығынды азайтуға болады. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылып, халық тұрмыстық газға арнайы ваучер алып отыр.

Министрлік сұранысы жоғары қызметтерді онлайн форматқа көшіріп жатыр. Жақын уақытта жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлік пен жылжымайтын мүлікті тіркеу қызметтері портал арқылы қолжетімді болмақ. Бұл қадам халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүктемесін екі есеге азайтады деп күтілуде.

Сонымен қатар eGov.AI виртуалды көмекшісі іске қосылды, ол азаматтарға кеңес беріп қана қоймай, құқық бұзушылық туралы жедел хабарламаны да қабылдайды. Бұған қоса eGov, eGov Business, eOtinish және AITU қосымшаларын мобильді интернетті жұмсамай қолдануға мүмкіндік беретін нөлдік тарификация енгізілуде.

Дмитрий Мунның сөзінше, министрліктің басты мақсаты – мемлекеттік қызметтерді халыққа барынша қарапайым, қолжетімді әрі ыңғайлы ету.