Қазақстан Орталық Азия елдері арасында халықтың қаржы қызметтеріне қолжетімділігі бойынша көш бастап тұр. 2025 жылы 15 жастан асқан қазақстандықтардың 87 пайызының қаржы шоты болған. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 72,3 пайызды, Өзбекстанда 59,7 пайызды, Тәжікстанда 54,5 пайызды құрады. Цифрлық төлемдерді пайдалану деңгейінде де айырмашылық бар. Қазақстан халқының 85 пайызы цифрлық төлемдер арқылы ақша жіберген немесе қабылдаған. Қырғызстанда бұл үлес 67,5 пайыз, Өзбекстанда 49,9 пайыз, Тәжікстанда 49,3 пайыз болды.
Деректер Дүниежүзілік банктің 2025 жылғы Global Findex жаһандық дерекқорынан алынған. Онда халықтың қаржы қызметтері мен цифрлық құралдарды пайдалану деңгейі қамтылған. Атап айтқанда, қаржы шоттарының болуы, төлем жасау, ақша жинау, несие алу, ұялы телефон иелену және интернет пайдалану көрсеткіштері ескерілген. Салыстыруға Орталық Азияның төрт елі енгізілген. Түрікменстан бойынша Global Findex-тің 2025 жылғы салыстыруға жарамды жаңа деректері болмағандықтан, ол зерттеуге қосылмаған.
Цифрлық операциялар жасауға мүмкіндік беретін шоттардың үлесі бойынша да Қазақстан алда. 2025 жылы ел халқының 78 пайызында осындай шот болған. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 59,1 пайызды, Өзбекстанда 43,8 пайызды, Тәжікстанда 27,9 пайызды құрады.
Ал мобильді құрылғылардың қолжетімділігі жағынан Қырғызстан бірінші орында. 2025 жылы елдегі 15 жастан асқан тұрғындардың 96 пайызының жеке ұялы телефоны, 89,8 пайызының смартфоны болған. Қазақстанда бұл көрсеткіштер тиісінше 92,2 және 81,1 пайызға жетті. Өзбекстанда жеке ұялы телефоны бар тұрғындардың үлесі 82,3 пайыз, смартфоны барлардың үлесі 70,2 пайыз болды. Тәжікстанда көрсеткіштер 77,5 және 64,7 пайызды құрады.
Алайда халықтың мобильді құрылғылармен қамтылуы қаржы қызметтерін пайдалану деңгейімен әрдайым сәйкес келе бермейді. Мұны Қырғызстан мысалынан көруге болады. Ел смартфондардың таралуы бойынша аймақта бірінші орында тұрғанымен, қаржы шоттары, цифрлық төлемдер, ресми қаржы ұйымдарында ақша жинау және несие алу көрсеткіштері бойынша Қазақстан алда. Өзбекстанда да смартфон пайдаланушылардың үлесі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, қаржы қызметтерін пайдалану деңгейі төменірек. Бұл технологиялардың қолжетімді болуы мен оларды қаржы операцияларында қолдану бірдей қарқынмен дамымайтынын көрсетеді.
Ұзақ мерзімді көрсеткіштерге қарағанда, төрт елде де қаржы шоты бар тұрғындардың үлесі айтарлықтай өскен. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2011 жылғы 42,1 пайыздан 2021 жылы 81,1 пайызға, ал 2025 жылы 87 пайызға дейін артты. Қазақстан бастапқы кезеңнің өзінде көршілес елдерден едәуір алда болған және Global Findex-тің соңғы жарияланымында да көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Дереккөз: Ranking.kz.
Айта кетейік, қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












