Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Қаржы нарығын реттеу агенттігі әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық туралы ескертті

Қаржы нарығын реттеу агенттігі әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық туралы ескертті

15

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды әлеуметтік инженерия тәсілдеріне негізделген алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткені туралы ескертеді.

Көпшілік қаржы қаражатын заңсыз иемдену үшін алаяқтарға банктің ақпараттық жүйесіне заңсыз қол жеткізу немесе жәбірленушінің құрылғысын бақылауына алу қажет деп есептейді. Алайда іс жүзінде қаскөйлер көбіне психологиялық ықпал ету тәсілдерін қолданып, адамдарды ақшаны өз еркімен аударуға, растау кодтарын беруге немесе құпия мәліметтерді жариялауға көндіреді.

Әлеуметтік инженерия – адамдардың сеніміне кіріп, оларды психологиялық тұрғыдан иландыра отырып, дербес мәліметтер мен ақша қаражатына қол жеткізуге бағытталған алаяқтық тәсілі. Бұл жағдайда қаскөйлер техникалық осал тұстарды іздеудің орнына адамның сенгіштігін, бейқамдығын, үрейін немесе пайда табуға деген ұмтылысын өз мақсаттарына пайдаланады.

Мұндай алаяқтық тәсілдерінің кең таралуына олардың қарапайымдылығы себеп болып отыр. Себебі алаяқтарға күрделі техникалық білімнің қажеті жоқ. Көп жағдайда қажетті мәліметтердің барлығын жәбірленушінің өзі айтып қояды.

Алаяқтар азаматтарға психологиялық ықпал ету үшін көбіне мынадай әдістерді қолданады:

– қорқыту – банк шотынан күмәнді операциялар жүргізілгенін, адамның атына несие рәсімделгенін немесе жақын туыстарының қиын жағдайға тап болғанын хабарлайды;

– асықтыру – бірден шешім қабылдауды немесе қандай да бір қаржылық әрекетті дереу орындауды талап етеді;

– сенімге кіру – өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органының өкілі немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырады;

– оңай табысқа қызықтыру – жоғары табыс, қомақты ұтыс немесе тиімді инвестиция ұсынатынын айтып сендіруге тырысады.

Қазіргі кезде кеңінен таралған алаяқтық тәсілдерінің қатарына банк қауіпсіздік қызметінің атынан жасалатын қоңыраулар, шындыққа жанаспайтын инвестициялық жобаларға қатысу жөніндегі ұсыныстар, туыстарының немесе таныстарының атынан ақша аударуды сұрап жіберілетін жалған хабарламалар, сондай-ақ жасанды интеллект пен дипфейк технологиялары арқылы адамның дауысын және бейнесін қолдан жасау жатады.

Өзіңізді алаяқтардың әрекетінен қорғау үшін мынадай сақтық шараларын ұстанған жөн:

– растау кодтарын, құпиясөздерді және банк картасының деректемелерін ешкімге хабарламау;

– бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешкімге ақша аудармау;

– күмән тудыратын немесе алаңдататын ақпараттың анықтығын міндетті түрде ресми байланыс арналары арқылы тексеру;

– қысым көрсету немесе асықтыру жағдайында қаржылық шешім қабылдамау;

– туыстарыңыз немесе таныстарыңыз ақша аударуды сұраған жағдайда, олармен міндетті түрде жеке байланысып, ақпараттың шынайылығына көз жеткізу.

Қазіргі уақытта алаяқтар компьютерлік жүйелерден гөрі адамдарды нысанаға алуды жиі қолданады. Осыған байланысты қырағылық таныту, кез келген ақпараттың шынайылығын мұқият тексеру және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау қаржылық алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады.

Дереккөз: Fingramota.kz.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.