Сан-Диего қаласындағы Калифорния университетінің инженерлері күнделікті өмірде қолдануға арналған жаңа медициналық құрылғы жасады. Бұл жүйе адамның денсаулығы үшін маңызды қарапайым көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, Smart Cup деп аталатын алғашқы құрылғы адамның терісінен С витаминінің деңгейін анықтайды.
Датчик шыныаяққа немесе адамдар жиі ұстайтын кез келген ыдысқа жабыстырылатын жапсырма түрінде жасалған. Кофе немесе шырын ішкен кезде саусақ ұштарынан бөлінген тер датчикке жетіп, құрамындағы химиялық заттар биожанғыш элемент арқылы сенсорға электр қуатын береді. Сенсор С витаминінің мөлшерін өлшеп, нәтижені Bluetooth арқылы компьютерге жібереді.
Қазіргі нұсқада мәлімет жинау бірнеше минутты алады, бірақ дәлдігі жоғары. Ең бастысы – бағасы өте төмен. Сериялық өндіріс кезінде жапсырманың құны бірнеше центке ғана шығады, ал АҚШ ауруханасында қан анализі шамамен 50 доллар тұрады. Көптеген адамдар қарапайым денсаулық көрсеткіштерін тексеру үшін дәрігерге баруға уақыт пен ақша жұмсағысы келмейді. Ал осы датчик арқылы олар бұл мәліметті күнделікті, тез әрі ыңғайлы түрде ала алады.












