Home Электроника Қарапайым сағаттың мүмкіндігін кеңейтетін ықшам технология

Қарапайым сағаттың мүмкіндігін кеңейтетін ықшам технология

7

Чикагода орналасқан Ganance стартапы Heir деп аталатын жаңа құрылғысын көпшілікке ұсынды. Бұл – көлемі тиынмен шамалас келетін шағын гибридті гаджет, ол кез келген дәстүрлі қолсағаттың мүмкіндігін кеңейтіп, оны заманауи цифрлық функциялармен толықтыра алады. Құрылғы сағаттың артқы қақпағына арнайы микросорғыш арқылы бекітіледі.

Мұнда магнит қолданылмайды, сондықтан сағат механизмінің жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді. Экранмен жабдықталмаған бұл құрылғының диаметрі 30 миллиметр, қалыңдығы 3 миллиметр ғана, ал салмағы небәрі 5 грамм. Осы ерекшеліктері оның күнделікті қолдануда көзге түспейтіндей ықшам әрі жеңіл болуын қамтамасыз етеді.

Heir құрылғысы пайдаланушының күнделікті қозғалыс белсенділігін бақылауға арналған. Ол қадам санын, жүрілген қашықтықты және жұмсалған энергия мөлшерін тіркеп, деректерді iPhone смартфонына арналған қосымша арқылы Apple Health жүйесімен синхрондайды. Фитнес көрсеткіштерін бақылаумен қатар, гаджет мультимедианы басқару мүмкіндігін де ұсынады. Сонымен бірге кіріс қоңыраулар мен хабарламалар туралы діріл арқылы белгі беріп отырады.

Әзірлеушілер алдағы уақытта құрылғының мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, физикалық белсенділікті түрлеріне қарай жіктеу, ұзақ уақыт отырықшы қалыпта болуды бақылау, пайдаланушыға бейімделетін жеке мақсаттар жүйесін енгізу, дыбыссыз оятқыш қызметін қосу және Slack пен WhatsApp секілді қосымшалардан келетін хабарламаларға діріл арқылы жауап беру мүмкіндігін қарастыру көзделген.

Материал Техкульт басылымы негізінде дайындалды