Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында қала орталығының 90 жылдығына орай «Қарағандының өшпес есімдері» атты бейнерепортаж байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск, Приозерск, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров аудандарынан келген 14-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Кітапхана өкілдерінің айтуынша, байқаудың мақсаты – балаларды туған жердің тарихын зерттеуге ынталандыру және Қарағанды қаласының дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы бейнерепортаждар жасау арқылы өлкетануға қызығушылықты арттыру.
Жалпы 30 бейнерепортаждың ішінен үздіктерді қазылар алқасы анықтады.
Байқау жеңімпаздары:
- 1-орын – Ы. Алтынсарин атындағы Қарағанды мектеп-лицейінің оқушысы Жібек Қалдыбай.
- 2-орын – Бұқар жырау ауданы С. Торайғыров атындағы мектеп оқушысы Сәкен Жұман.
- 3-орын – Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Александра Кривая мен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Анара Адамбай.
– Байқау өте қызықты өтті, қиын болған жоқ. Мен ақпаратты іздеп, оны адамдарға жеткізгенді жақсы көремін. Мүмкін, болашақта журналист болармын, – дейді жүлдегер Александра Кривая.
Арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар:
«Креативті идея» – Павел Мерц (Қарағанды, ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау орталығы).
«Үздік видеосюжет» – Ернұр Сермаханов (Теміртау қаласы, Ғ. Мұстафин атындағы мектеп).
«Үздік техникалық шешім» – Айзара Өмірбек (Қарағанды, №85 орта мектеп).
«Тақырыпты ашу шебері» – Іңкәр Өмірбек (Қарағанды, Ж. Ақбаев атындағы мектеп).
«Көрермен көзайымы» – Бағым Жарқымбекова (Қарағанды жоғары политехникалық колледжі). Оның жұмысы YouTube-тегі Абай кітапханасының арнасында 2381 қаралым жинаған.
Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға сертификаттар мен жетекшілеріне алғыс хаттар табыс етілді.