Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар Қарағандыда газ тұтынушыларға арналған жаңа қосымша таныстырылды

Қарағандыда газ тұтынушыларға арналған жаңа қосымша таныстырылды

42

Қарағанды облысының тұрғындары енді газ есептегіш көрсеткіштерін жіберіп, шығындарын қадағалауды арнайы мобильді қосымша арқылы жасай алады. Бұл жаңа қызмет коммуналдық саланы цифрландыру аясында іске қосылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Qazaqgaz Aimaq қосымшасы арқылы тұтынушылар тіркеліп, жеке есепшотын байланыстыра алады. Сондай-ақ есептегіш деректерін енгізіп, тұтыну тарихын қарауға мүмкіндік бар. Қолданушыларға деректерді тапсыру мерзімі туралы еске салғыш хабарламалар жіберіліп, төлемдер онлайн режимде көрсетіледі.

«Бұрын тұтынушылар деректерді қоңырау шалып немесе мессенджер арқылы жолдауға мәжбүр болатын. Бұл жиі қателіктерге әкелетін. Енді бүкіл процесс автоматтандырылып, бірнеше минут қана уақыт алады», — деді брифингте компания филиалының бас маманы Нұрхан Есенгельдиев.

Сонымен қатар өңірде әлеуметтік әмиян жүйесі іске қосылды. Ол арқылы газ төлеміне арналған ваучерлерді eGov қосымшасы арқылы пайдалану мүмкіндігі берілді. Нысаналы әлеуметтік көмек пен тұрғын үйге берілетін субсидия алушылар бұл қаржыны тек коммуналдық қызмет ақысына жұмсай алады. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім төлемдердің ашықтығын арттырып, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді.