Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдар мен олардың қамқоршыларына цифрлық мамандықтар үйретілуде

Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдар мен олардың қамқоршыларына цифрлық мамандықтар үйретілуде

20

Бүгінде үйден жұмыс істей отырып, заманауи мамандықтарды меңгеріп, жақындарына қамқор болу – мүгедектігі бар адамдар мен олардың қамқоршылары үшін нақты мүмкіндіктерге айналды. Қарағанды облысында екінші жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Табыс» жобасы IT саласындағы дағдыларды меңгеруге жол ашып отыр.

«Табыс» жобасы 2024 жылы басталды. Оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдар мен олардың қамқоршыларына IT саласында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды үйрету. Оқыту «Террикон алқабы» IT-хабында сертификатталған халықаралық технопарк тренерлерінің жетекшілігімен өткізіледі. Сабақ форматы қатысушының мүмкіндігіне қарай онлайн немесе офлайн түрде ұйымдастырылады.

Курс алты айға созылады: төрт ай теориялық білім, екі ай практикалық дайындық. Өткен жылы 110 адам оқып, тәжірибесін өңірдегі IT-студияларда меңгерді. Биылғы бірінші топта мүгедектігі бар 22 қатысушы мен 28 қамқоршы жаңа дағдыларға қол жеткізді.

Жобаның жетекшісі Абай Амантайдың айтуынша, басты мақсат тек білім беру емес, қатысушыларға жаңа мамандықты меңгеруге көмектесу. Қысқа мерзімде жоғары деңгейлі мамандарды даярлау мүмкін болмаса да, олардың цифрлық мамандықты игере алатынын көрсетуге болады. Оқыту аяқталған соң кураторлар түлектерге консультация беріп, тәжірибе және жұмыс кезеңінде бейімделуге қолдау көрсетеді.

Владислав Прохоров — мүгедектігі бар туысына қамқоршы болып жүрген қатысушылардың бірі. Бұрын басқа салада жұмыс істеген ол IT саласында өз мүмкіндігін сынап көруді жөн көрді.

«Бұрынғы мамандығым ақпараттық технологиялармен байланысы болмағанымен, компьютерлерге деген қызығушылығым әрқашан бар еді. Курстардың хабарландыруын көріп, қатысуға шешім қабылдадым. Мұндай білімді өз бетімше игеру қиынға соғар еді, ал курста бізге тәжірибелі ұстаздар көмектесті, олар оқуды аяқтағаннан кейін де қолдау көрсетуді жалғастырды. Мемлекеттік қолдау тек жұмыс табуға ғана емес, жаңа мамандыққа қадам жасауға да мүмкіндік береді»,- деп өз тәжірибесімен бөлісті.

Бүгінде жобаның үш түлектері жұмысқа орналасты, тоғыз адам тәжірибеден өтуде. Жобаға мүгедектігі бар немесе оларға қамқорлық жасайтын адамдар қатыса алады. Басты шарт – компьютермен жұмыс істеудің базалық дағдылары және оқуға ынта.

Қарағанды облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Айнагүл Ермағанбетованың айтуынша, өңірде мүгедектігі бар адамдар мен олардың қамқоршыларына арналған түрлі қолдау бағдарламалары жұмыс істейді. Мемлекеттік гранттар арқылы жеке іс ашуға, арнайы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріледі. Биыл 13 жұмыс орны есту, көру және қозғалыс аппаратының бұзылысы бар адамдарға арналған. «Табыс» жобасы осы жүйені толықтырып, сұранысқа ие мамандықты игеруге және жұмысқа орналасуға көмектеседі.

Жоспар бойынша, үш жыл ішінде 300-ден астам адам оқытудан өтіп, кейін жұмыспен қамту платформалары арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.