Қарағанды облысы онлайн сауда көлемі жағынан елімізде үздік үштікке енді. Бұл бағыттағы серпінді дамуды жалғастыру үшін облыс әкімдігі мен отандық Teez маркетплейсі ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Teez – Қазақстандағы алғашқы отандық электронды сауда алаңы. Қазіргі таңда платформада 40-қа жуық жергілікті өндіруші тіркеліп, өз өнімін ұсынуда. Келісімнің басты мақсаты – қазақстандық тауарларды сату үшін қолайлы экожүйе қалыптастыру.
«Қарағандыда маркетплейстің іске қосылуы – жергілікті кәсіпкерлер үшін ерекше мүмкіндік. Біз бастапқы күннен-ақ отандық өнімді қолдауға, оны кеңінен насихаттап, дамытуға келіскенбіз. Бұл бастама өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына да серпін береді», – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Teez платформасының өзгешелігі – барлық тауар бір орталық хабта, яғни Қарағандыда жинақталып, сол жерден бүкіл ел аумағына жеткізіледі. Компания тауарды бір күн ішінде кез келген өңірге жеткізуді қамтамасыз етіп отыр.
Жобаның бастамашыларының бірі Линар Хуснуллин Қарағандыны Қазақстандағы электронды сауданың орталығына айналдыруды көздеп отыр.
«Қарағанды – логистика мен өңірлік қамту жағынан өте ыңғайлы қала. Мұнда жергілікті өндірушілермен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеу аса маңызды» – деп кәсіпкер өз пікірін білдірді.
Компания отандық өнімді қолдауға бағытталған арнаулы жеңілдіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығарылған тауарларға төмендетілген комиссия, жарнама жасауда жеңілдіктер және жеке топтамалар қарастырылған.
Жоба аясында кәсіпкерлерге арналған оқыту бағдарламасы іске қосылады. Сонымен қатар кәсіби қауымдастық қалыптастырып, сатушылар мен өндірушілердің басын қосатын коворкинг-клуб ашу жоспарланған. 23 сәуірде алғашқы көпплатформалы конференция өтпек.
«Бүгін қол қойылған меморандум жергілікті тауар өндірушілерге кеңінен жол ашуға бағытталған нақты қадам. Бүгінде сауда алаңында отандық 38 өнім түрі сатылымға шыққан. Бұл – бастамасы ғана. Бүгінде ұлттық киім, тұрмыстық химия сынды бағыттағы кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылып жатыр. Енді қайта өңдеу саласындағы кәсіпкерлерді тарту жұмысы жүргізілуде, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.