Қарағанды мен Балқаш арасындағы республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды – Алматы автожолында 14 жарық лазерлік құрылғы орнатылды. Жүйе түнде жүргізушілердің назарын арттырып, жол қозғалысын қауіпсіз етеді. Сонымен қатар ұйқылы немесе шаршаған жүргізушілердің жолда апатқа ұшырау қаупін азайтады және жол бойында бағдар алуды жеңілдетеді.
Жарық сызықтар көлік алдында көрініп, жүргізушіге жылдамдықты немесе қозғалыс бағытын түзету керегін байқатады. Бұл әсіресе тұман, түнгі уақытта, ұзын тегіс жолдарда және жол белгілері нашар көрінетін жерлерде тиімді.
Халықаралық тәжірибе лазерлік жүйемен жабдықталған жолдарда жол-көлік оқиғалары 40–50 пайызға азайғанын көрсеткен. Бұған дейін ұқсас технология Астана – Теміртау трассасында, Ошағанды ауылы маңында сынақтан өткен және жол қауіпсіздігін айтарлықтай арттырғаны байқалған. Сынақ сәтті аяқталғаннан кейін жоба Қарағанды – Балқаш жолына да енгізілді.












