АҚШ-тағы Aptera компаниясы Карлсбад қаласындағы шағын сериялы сынақ өндірісінде күн энергиясымен жұмыс істейтін үш дөңгелекті электр көлігінің алғашқы нұсқаларын құрастырып шыққанын хабарлады. Бұл қадам әзірге жаппай өндірістің басталғанын білдірмейді, алайда жобаның нақты іске асу кезеңіне өткенін айғақтайтын маңызды белес саналады.
Жаңа өндірістік алаң 14 цехтан құралған. Мұнда инженерлер көліктерді алдын ала жүйеленген әрі қайталануға бейімделген технологиялық тәртіп бойынша жинайды. Осылайша бұрынғыдай тәжірибелік үлгілерді қол еңбегіне жақын тәсілмен құрастырудан өндірістік үдерісті нақты ретке келтіруге көшу жүзеге асып отыр. Бұл толыққанды конвейер іске қосылар алдында барлық техникалық шешімдерді жан-жақты тексеруге мүмкіндік береді.
Алғашқы дайындалған көліктер нарыққа шығарылмайды. Олар бірқатар күрделі сынақтан өтеді. Атап айтқанда, жоғары және төмен температураға төзімділігі, тежеу жүйесінің сенімділігі, сондай-ақ апат кезіндегі қауіпсіздігі жан-жақты тексеріледі. Мұндай сынақтар көлікке ресми сертификат алып, реттеуші органдардың талаптарына сай келетінін дәлелдеу үшін қажет. Көліктің сыртқы пішіні ғылыми-фантастикалық туындылардағы техниканы еске салады. Оның тамшы тәрізді ықшамдалған келбеті тек сән үшін емес, ауа ағынына қарсылықты барынша азайтуға бағытталған инженерлік ізденістің нәтижесі.
Ауа кедергісінің төмендігі мен көміртекті талшықтан жасалған аса жеңіл корпусының арқасында бұл көлік бір рет қуатталған батареямен 640 шақырымға дейін жүре алады. Дегенмен жобаның басты ерекшелігі – көлікке орнатылған күн панельдері. Жалпы ауданы 3 шаршы метрден асатын бұл панельдер көліктің алдыңғы бөлігіне, шатырына және басқару панеліне тиімді орналастырылған. Күн ашық күндері олар 64 шақырымға дейін қосымша жүріс қорын қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде көптеген пайдаланушы күнделікті қатынас үшін электр желісіне қосылу қажеттілігін сезінбеуі мүмкін. Компания есебінше, күн сәулесі мол аймақтарда мұндай көлік жылына 17 700 шақырымға дейінгі жолды тек күн энергиясының көмегімен еңсере алады.
Үш дөңгелекті өзгеше құрылымына қарамастан, көлік тұрмыстық қолданысқа ыңғайлы шешімдер ұсынады. Оның жүк салатын бөлімі кең, тіпті серфинг тақталары секілді ұзын бұйымдарды орналастыруға мүмкіндік бар. Көлік шамамен 5 секундта сағатына 100 шақырым жылдамдыққа жетеді, ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 160 шақырыммен шектелген. Қазіргі таңда Aptera компаниясы шамамен 50 мыңға жуық алдын ала тапсырыс қабылдаған және толық ауқымды өндірісті бастау үшін қосымша қаржы тарту жұмыстарын жалғастырып отыр.












