Home Кәсіби маман Apple жасанды интеллектіге негізделген жаңа жобасын таныстырды

Apple жасанды интеллектіге негізделген жаңа жобасын таныстырды

11

Apple жасанды интеллект саласына жаңа қарқынмен оралмақ. Компанияның басты мақсаты – ЖИ, робототехника және үйді автоматтандыруды біртұтас экожүйеге біріктіру. Бұл жолы Apple тек бағдарламалық жасақтамамен шектелмей, жаңа құрылғылар ұсынуға да ниетті. Жоспарға адамға серік бола алатын робот, жаңартылған Siri, экраны бар ақылды динамик және үй қауіпсіздігін күшейтуге арналған жаңа буын камералары енгізілген.

Кодтық атауы «J595» деп аталған негізгі жоба – үстел үстіне орналастырылатын шағын робот. Оның моторлы «мойыны» мен жеті дюймдік экраны бар. Бұл құрылғы әңгімелесушіні бақылап, әңгімеге араласа алады, ал бейнеқоңырау кезінде сөйлеп тұрған адамға автоматты түрде бұрылады. Сонымен қатар оны iPhone арқылы қашықтан басқаруға мүмкіндік бар, телефон тіпті джойстик қызметін атқарады. Жобаның басты артықшылығы – жаңартылған Siri. Бұл жүйе ірі тілдік үлгілерге негізделіп жұмыс істейді. Ол бейнесімен ерекшеленеді әрі бір мезетте бірнеше адаммен еркін әңгіме өрбіте алады.

Apple келесі жылдың ортасында «J490» деп аталатын жаңа құрылғысын таныстырмақ. Бұл нұсқа қозғалмайтын болғанымен, дауыс арқылы басқару, үйді автоматтандыру және мультимедианы қолдау сияқты мүмкіндіктерді қамтиды. Екі құрылғы да жаңартылған Charismatic жүйесінде жұмыс істейді. Жүйеде мультимедиялық виджеттер, бет-әлпетті тану және әр қолданушыға жеке ыңғайластырылған баптаулар бар.

Қауіпсіздік саласында да Apple тың жаңалық ұсынбақ. Компания бет-әлпетті танитын әрі инфрақызыл датчиктермен жабдықталған смарт-камераларды әзірлеуде. Мұндай құрылғылар жай ғана бақылау құралынан асып түсіп, үйді толық басқаруға мүмкіндік береді. Мысалы, тұрғын бөлмеден шыққанда жарықты өздігінен өшіреді, ал үйге иесі кіргенде оның сүйікті әуенін қоса алады. Тіпті адамның жүзі арқылы есікті ашатын қоңырау жүйесінің үлгісі дайын.

Болашақта Apple роботтар желісін кеңейтіп, жаңа түрлерін шығаруы ықтимал. Олардың қатарында Amazon Astro-ға ұқсас дөңгелекті мобильді құрылғылардан бастап, сауда мен өндіріс процесін автоматтандыруға арналған өнеркәсіптік роботтар да бар.

Жаңа буын құрылғылар легі компанияның инновациялық беделін қайта жандандыруды көздейді. Әсіресе Vision Pro гарнитурасының сәтсіздігі мен соңғы жылдары айтарлықтай технологиялық серпілістің болмауын ескерсек, бұл қадам Apple үшін стратегиялық тұрғыдан шешуші маңызға ие.

Аталған бастама Apple-ды Amazon, Google, Meta және Samsung секілді алыптармен бір алаңда жарыстыруға бағытталған. Бәсекелестік тұрмыстық робототехника және жасанды интеллект негізіндегі интерфейстер нарығында өрбімек. Компания үшін бұл тек өз экожүйесін нығайтып, пайдаланушыларын сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар премиум гаджеттерден бастап күнделікті тұрмысты автоматтандыруға дейінгі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Осындай жобаларды көргенде, еріксіз америкалық қаламгер Рэй Брэдберидің «Ақылды үй» атты әйгілі әңгімесі еске түседі. Жазушы қиялдаған келешек бүгінгі күннің шындығына айналғандай. Бұл біреуге таңданыс сыйласа, енді біреуге аз-кем үрей туғызары сөзсіз.