Қазақстанда азаматтардың дербес деректері тараған жағдайда қолданылатын іс-қимыл тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. Басылым мәліметінше, елде азаматтардың дербес деректерін қорғау талаптары бұзылған жағдайда хабарлау тәртібі әзірленген. Құжатқа Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бұйрығымен қол қойылған.
Құжатқа сәйкес, Қазақстанда енді «дербес деректердің қауіпсіздігін бұзу» ұғымы қолданылады. Бұл дербес деректердің заңсыз таралуына, өзгертілуіне, жойылуына немесе өшірілуіне, сондай-ақ оларға рұқсатсыз қол жеткізуге алып келген қорғау талаптарының бұзылуын білдіреді.
Мұндай жағдай анықталған кезде деректер базасының меншік иесі немесе операторы бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Хабарламада мынадай мәліметтер көрсетілуі керек:
– дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлғаның байланыс деректері, егер ондай тұлға бар болса;
– анықталған бұзушылықтың салдарын жою үшін қабылданған шаралар;
– кейін дербес деректер субъектілеріне хабарлама жіберу үшін қажетті мәліметтер, атап айтқанда тегі, аты, әкесінің аты, егер ол көрсетілсе, және (немесе) жеке сәйкестендіру нөмірі және (немесе) ұялы байланыс абонентінің нөмірі.
Бұйрықта «дербес деректер» ұғымына да түсініктеме берілген. Оған дербес деректер субъектісіне қатысты, бір немесе бірнеше дербес деректер идентификаторымен толықтырылған мәлімет немесе мәліметтер жиынтығы жатады.
Ал дербес деректер қамтылған деректер базасының немесе цифрлық объектінің меншік иесі ретінде мұндай базаға немесе цифрлық объектіге иелік ететін, оны пайдаланатын әрі оған билік ететін мемлекеттік орган, жеке немесе заңды тұлға танылады. Оператор деп дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын тұлға немесе мемлекеттік орган есептеледі.
Бұйрық 22 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












