Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Ғалымдар жылу жинайтын ерекше мата ойлап тапты

Ғалымдар жылу жинайтын ерекше мата ойлап тапты

20

Канаданың Ватерлоо университетінің ғалымдары күн сәулесін жылуға айналдыратын ерекше мата жасап шығаруда. Бұл инновациялық материал суықта дене температурасын тұрақты ұстап, адамның тоңып қалмауына көмектеседі.

Зерттеу барысында ғалымдар фототермикалық қасиетке ие нанобөлшектерді пайдаланды. Матаның құрамына полидопамин мен полианилин қосылып, оның күн сәулесін сіңіру және жылуға айналдыру қабілеті күшейтілді. Сонымен қатар, матаға жылу деңгейіне қарай түсін өзгертетін арнайы бояғыштар енгізілді.

Сынақ кезінде бұл материал 600 Вт/м² қуаттағы күн сәулесінің әсерінен небәрі 10 минут ішінде бөлме температурасынан 53,5°C-қа дейін қызды. Осы сәтте матаның түсі қызылдан аққа өзгеріп, оның жылу деңгейі көтерілгенін көрсетті. Ал салқындаған кезде мата бастапқы түсіне қайта оралды. Сонымен қатар, материалдың беріктігі жоғары – ол 500%-ға дейін созылуға төзімді және 25 рет жуылғаннан кейін де қасиеттерін жоғалтпайды.

Дегенмен, «ақылды матаның» тиімділігі күн сәулесінің болуына тікелей байланысты. Түнде немесе жарық түспейтін жерлерде ол жылу жинай алмайды. Қазір ғалымдар өндіріс шығындарын азайту, материалдың қауіпсіздігін тексеру және оны күн көзінен тәуелсіз ету жолдарын қарастыруда. Бұл технология болашақта қысты күні жылы әрі жайлы киімдер жасауда жаңа кезеңге жол ашуы мүмкін.