21 ақпанда Алматыда «Almaty Tech Cup – 2025» инженерия және робототехника бойынша халықаралық чемпионаты басталды.
«Алматы Дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Каримғажының айтуынша, Орталық Азиядағы ең ірі бұл турнирге үш мыңнан астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Қазақстан, Үндістан, Түркия, Моңғолия, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 20 шетелдік команда бар.
«Бұл беделді чемпионат талантты жас инженерлер, бағдарламашылар үшін маңызды алаңға айналды. Қатысушыларды жарыстан бөлек, интерактивті шаралар, инженерлік квестер, жүлделер мен естелік сыйлықтар күтіп тұр», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Чемпионат алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырылған. Сол уақыттан бері қатысушы командалар саны 20-дан 400-ге дейін өсті.
Қазақстандық оқушылар халықаралық аренада өз шеберліктерін әлдеқашан дәлелдеген. АҚШ-та өткен чемпионатта Алматы құрамасы 80 команданың ішінен үздік ондыққа енсе, бұған дейін жас инженерлер Женева (2022), Сингапур (2023) және Афина (2024) жарыстарында алтын жүлде иеленген.
Биылғы чемпионат аясында робототехника, инженерия және дрон жарыстары өтеді. Олардың ішінде Aspan Cyber Race, Aspan Drone Competition, Aspan Whoop Race және Aspan Drone Race сынды сайыстар бар. Қатысушылар First Lego League (4-16 жас) және First Tech Challenge (16-18 жас) бағыттарында өз шеберліктерін көрсетеді.
Бас жүлде – Алматы әкімінің кубогы ең жоғары ұпай жинаған командаға табысталады. Сондай-ақ жеңімпаздар елдің жетекші университеттерінен білім гранттарын ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.