Home Технологиялар VR мен AR Алматыда бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне қосылған камералар саны 100 мыңға жетеді

Алматыда бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне қосылған камералар саны 100 мыңға жетеді

14

Алматыда биыл Бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне қосылған бейнебақылау камераларының санын 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы LS басылымының сауалына қалалық Цифрландыру басқармасы жауап берді.

Басқарманың мәліметінше, мегаполисте Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі жұмыс істейді. Бұл – қалалық бейнеталдау қызметін жүзеге асыратын еліміздегі ең ірі цифрлық платформа.

Қазіргі уақытта жүйеге шамамен 60 мың бейнебақылау камерасы қосылған. Жыл соңына дейін жаңа камераларды Бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне қосу арқылы олардың санын 100 мыңға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар меншік иелерінің келісімімен бұрыннан орнатылған бейнекамералар да осы жүйеге кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін «Алматы қаласының зияткерлік қауіпсіздік жүйесі және жол қозғалысын талдау жүйесі» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша жасалған келісім қолданыста болады. Құжат аясында «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендерін орнату және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қарастырылған.

Жауапты мамандардың түсіндіруінше, аталған келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданыстағы жүйені алмастыру жоспарланбаған.

Мемлекеттік органның мәліметіне сәйкес, Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологияларының көмегімен бейнеақпаратты орталықтандырылған тәртіппен жинауды, сақтауды және талдауды қамтамасыз етеді.

Жүйе тәулігіне 500 мыңнан астам оқиғаны автоматты түрде өңдейді. Оның мүмкіндіктері іздеуде жүрген адамдарды анықтауға, төбелес, өрт, түтіннің пайда болуы, қарудың болуы, адамдардың шамадан тыс шоғырлануы, жол қозғалысы қағидаларының бұзылуы, күмән тудыратын заттар мен өзге де қалыптан тыс жағдайларды дер кезінде айқындауға мүмкіндік береді.

Жүйені пайдалану құқығына мегаполистің Полиция департаменті, мамандандырылған мемлекеттік органдар, сондай-ақ қызмет бағытына сәйкес қала әкімдігі құрылымдық бөлімшелері ие.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.