Астанада өткен Халықаралық форум аясында Қазақстандағы алғашқы халықаралық аутлет орталығын салу жөнінде Бас келісімге қол қойылды. Ауқымды жоба Алматы облысында QSM тобының бастамасымен жүзеге асады. Жобаның халықаралық серіктесі — Еуропадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында 60 жылдан астам тәжірибесі бар австриялық Ekazent Management GmbH компаниясы.
Қазақстандағы бұл ірі жобаға QSM тобына қарасты Multibrand холдингі жетекшілік етеді. Аталған топ құрамына еліміздегі алғашқы CFBO үлгісімен жұмыс істейтін TEEZ маркетплейсі, Clever онлайн-гипермаркеті мен Clever Distribution дистрибуциялық компаниясы кіреді. Осылайша, сандық логистика мен халықаралық девелоперлік тәжірибе тоғысып, жобаның болашағын айрықша етіп отыр.
Аутлет орталығының жалпы аумағы 80 мыңнан 120 мың шаршы метрге дейін болады деп жоспарланған. Оның аумағында сауда қатарлары, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, балалар және ойын алаңдары сияқты келушілерге жайлы орта қалыптастыратын инфрақұрылым қарастырылған.
« Бұл жоба Қазақстандағы бөлшек сауданың дамуына жаңа серпін береді. Қазіргі таңда Орталық Азияда батыс үлгісіндегі аутлет орталықтары жоқ, бұл – біз үшін бірегей мүмкіндік. Қазақстандық тұтынушылар брендке және lifestyle-мәдениетке қызығушылық танытып отыр. Бұған қоса, Алматы облысының Өзбекстан мен Қырғызстан астаналарына жақындығы, Қытай, Түркия, БАӘ және Ресейден келетін көлік дәліздері өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып отыр», – деп жауап берді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Мамандардың айтуынша, аутлет форматы әлемдік нарықта өзін экономикалық тұрақсыздық жағдайында да дәлелдеді. Арзан баға мен брендке қолжетімділік тұтынушы үшін әрдайым тартымды. Бұл формат ең танымал маркетплейстерге де тікелей бәсекелес емес.
Сарапшылардың мәліметінше, бүгінгі күні жаһандық аутлет-ритейл нарығының көлемі 100 миллиард доллардан асып, жыл сайын 5–7% өсіп келеді. Әсіресе Азия елдерінде қарқынды дамуда. Бұған себеп – туристер ағынының артуы, брендтік тауарларға сұраныс пен бағаға сезімтал тұтынушылар санының көбеюі.