Home Ақша Alatau City-де цифрлық активтер мен капитал қозғалысын реттейтін жаңа жүйе енгізіледі

Alatau City-де цифрлық активтер мен капитал қозғалысын реттейтін жаңа жүйе енгізіледі

18

Қазақстан қаржы жүйесінің цифрлық трансформациясының жаңа кезеңіне аяқ басады. Ұлттық банк стратегиялық криптоқор құруды, криптовалюталардың реттелетін айналымын іске қосуды және цифрлық теңгені бюджет саласында кеңінен қолдануды жариялады.

Бұл бастамалар туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, елде халықаралық резервтерді әртараптандыру мақсатында стратегиялық криптоқор құрылды. Заңдық түзетулер дайындалып, Ұлттық банктің басқаруында цифрлық активтердің инвестициялық портфелі жасақталды. Қордың негізгі көздері ретінде алтын-валюта резервтері, Ұлттық қор қаражаттары және үкімет шешімімен тәркіленген активтер пайдаланылатын болады.

Цифрлық активтерді сақтау орталық депозитарий арқылы жүзеге асады. Бұл мекеме ұлттық криптоқор сақтаушысы ретінде қызмет етіп, егемен активтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

2026 жылы Қазақстанда криптовалюталардың реттелетін айналымы басталады. Цифрлық активтер нарығына заңдық база 2025 жылы жасалған, енді оның практикалық іске асуы басталады. Мамыр айына дейін орталық депозитарийде цифрлық активтерді сақтау бойынша ұлттық сервис іске қосылады.

Қаржылық инновацияларды сынау үшін регуляторлық құмқорап режимі жұмыс істеп тұр. Бұл режимде он бағыт бойынша жиырма екі жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында криптобиржалар, активтердің токенизациясы, тұрақты монеталар және крипто-фиат төлем шешімдері бар. Болашақта бұл жобалар лицензиялы режимге ауыстырылып, Alatau City қаласында цифрлық активтер мен капитал қозғалысын реттейтін арнайы жүйе құрылатын болады.

Цифрлық теңгеге ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы оны бюджет процесінде кеңінен қолдану жоспарланған. Сәуір айында үкіметпен бірлесіп бірнеше бюджет бағдарламасын цифрлық форматқа көшіру бойынша кешенді жоспар бекітіледі. Бұл жобалар жол құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнес, сондай-ақ әлеуметтік және медициналық салаларды қамтиды.

Сонымен бірге Ұлттық банк қаржылық алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуді көздеп отыр. Ұлттық антифрод орталық қазірдің өзінде 2,8 миллиард теңге сомасындағы алаяқтық әрекеттердің алдын ала алды. Болашақта осы жұмысқа ұялы байланыс операторлары қосылып, телеком-антифрод жүйесі енгізілетін болады.

Айсулу Басенова