Satbayev University ғалымдары, Равиль Мұхамедиевтің жетекшілігімен, ауыл шаруашылығы алқаптарын бақылаудың жаңа жүйесін әзірлеуде. «Agroscope» деп аталатын бұл жоба жерсеріктер мен дрондарды жасанды интеллектімен біріктіріп, егіс алқаптарының жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға жол ашады. Жаңа технология фермерлерге өнім көлемін болжауға, тыңайтқыштар мен гербицидтерді үнемдеуге әрі жалпы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Зерттеушілердің айтуынша, жерсеріктер жоғары сапалы сурет ұсынғанымен, бұлт арасындағы жағдайды байқай алмайды, ал жекелеген өсімдіктің күйін анықтау да қиын. Дрондар бүкіл алқапты бір сәтте қамти алмағанымен, нақты нүктелерден егжей-тегжейлі мәлімет жинай алады. Осы екі ақпарат көзін біріктіру арқылы егіс алқаптарындағы өзгерістерді ерте анықтап, мәселенің нақты себебін табуға жол ашылады.
«Алдымен жерсерік жалпы көріністі береді. Жасанды интеллект NDVI индексі арқылы қай аумақта мәселе туындауы мүмкін екенін бағалайды. Содан кейін жүйе сол жерге дрон жіберуді ұсынады. Дроннан алынған бейне нақты көріністі ашып көрсетеді: мәселе ылғал жетіспеушілігінде ме, зиянкесте ме, әлде сапасыз тұқымда ма — бәрі анық көрінеді», – дейді жоба жетекшісі Равиль Мұхамедиев.
Agroscope — дәл егіншілікке негізделген, тыңайтқыш пен химикатты тек қажетті жерге және қажет мөлшерде қолдануға мүмкіндік беретін жүйе. Бұл өнімділікті арттырып, шығынды едәуір қысқартады. Алдын ала есеп бойынша, фермер жылына тек тыңайтқыштан 30 миллион теңгеге дейін үнемдей алады. Кей жағдайларда өнім көлемі 25–50 пайызға артады.
Жүйенің алғашқы сынағы 2025 жылғы вегетациялық маусымға жоспарланған. Тестілік жұмыстар Каскелен маңындағы Өсімдік шаруашылығы және егіншілік институтының алқаптарында, сондай-ақ Өскемен мен елдің солтүстік өңірлерінде жүргізіледі. Қазірдің өзінде бірнеше агрохолдинг жаңа технологияға қызығушылық танытып отыр.
« Нақты егіншілік – ауыл шаруашылығының болашағы. Қазір әр гектарды жеке аралап шығудың қажеті жоқ, әр өсімдіктің жайын алыстан-ақ анықтауға болады. Бұл – шығын аз, өнім көп деген сөз», – дейді Равиль Мұхамедиев.
Agroscope — климаттың құбылмалы кезеңінде фермерлерге нақты шешім ұсынатын жүйе. Ол ірі шаруашылықтармен қатар, шалғайдағы шағын фермалар үшін де тиімді болмақ. Болашақта технологияны жалға беру арқылы қолжетімді ету жоспарланған — бұл фермерлерге қымбат құрылғы сатып алмай-ақ, озық тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.