Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды несие алаяқтығынан сақ болуға шақырып, қауіпсіздік шараларын ұстанудың маңыздылығын ескертті. Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, олардың атынан заңсыз несие рәсімдейді.
Агенттік несие алаяқтығының алдын алу мақсатында азаматтарға бірқатар маңызды кеңес береді. Мамандардың айтуынша, ең тиімді тәсілдің бірі — eGov.kz порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы «Stop кредит» қызметін қосу. Бұл қызмет өз атыңызға бөгде адамдардың заңсыз несие рәсімдеуіне жол бермей, қаржылық қауіпсіздігіңізді қорғауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, жеке мәліметтеріңізді ешкімге жария етпеңіз. SMS-кодтар, PIN-кодтар және бір реттік құриясөздерді бейтаныс адамдарға, тіпті өзін банк қызметкері не мемлекеттік орган өкілімін деп таныстырғандарға да беруге болмайды.
Үшіншіден, күмән тудыратын сілтемелер мен жарнамаларға өтпеңіз, бейтаныс адамдардың сұрауымен телефонға қашықтан басқару бағдарламаларын орнатпаңыз.
Төртіншіден, онлайн-банкинг пен басқа да маңызды жүйелерге кіру кезінде қосарланған қорғаныс жүйесін (екі деңгейлі аутентификация) пайдалану ұсынылады.
Сондай-ақ мамандар азаматтарға өздерінің несие тарихын тұрақты түрде тексеріп отыруды ұсынады. Бұл өз атына бөгде адамдардың несие рәсімдеу деректерін ертерек анықтап, қаржылық қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.
Агенттік өкілдері мұндай қарапайым ережелерді сақтау арқылы әркім өз қаржысын қорғап, несие алаяқтығының құрбаны болу қаупін едәуір азайта алатынын атап өтті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі: press@finreg.kz












