Home Технологиялар Инновациялар Ақтөбе облысында жол жөндеу үдерісін бақылайтын электронды жүйе іске қосылды

Ақтөбе облысында жол жөндеу үдерісін бақылайтын электронды жүйе іске қосылды

107

Ақтөбе облысында автожолдарды жөндеу және салу үдерісін бақылауға арналған “BIRGE PROJECT” электронды жүйесі іске қосылды. Жүйенің артықшылықтары туралы «BIRGE» қауымдастығының төрағасы Арман Евниев айтып берді.

– Жаңа платформа арқылы жол жөндеу жұмыстарының барлық кезеңін, яғни жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беру кезеңіне дейін қадағалауға болады. Ең бастысы, құрылыс алаңына бармай-ақ, жөндеу жұмыстарын нақты уақыт режимінде қашықтан бақылау мүмкіндігі бар. Экраннан республикалық маңызы бар жолдардың немесе қалалық көшенің жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көруге болады. Сонымен қатар, жобаның қаржыландыру көлемін платформа арқылы көре аламыз, – деді Арман Евниев.

Қазіргі уақытта жүйеге 2025 жылға жоспарланған жобалар енгізілген. Пайдаланушылар кез келген жоба туралы толық ақпарат алып, пікір қалдыру мүмкіндігіне ие.

Платформада Ақтөбе облысында жүзеге асып жатқан барлық жобалардың мәліметтері ұсынылған. Бұл жүйе арқылы кез келген азамат құрылыс алаңын онлайн тамашалап, жұмыстардың барысымен таныса алады. Сонымен қатар, өңірде қолға алынатын жаңа жобалар туралы ақпарат та көрсетілген.

– Халық жолдарды жөндеу мерзімі мен сапасына жиі шағымданады. Осы жүйенің арқасында біз мұндай шағымдарға жедел жауап беріп, мердігерлердің жұмысын бақылауда ұстай аламыз. Жаңа платформа кемшіліктерді дер кезінде анықтап, жұмыстың әр қадамын қадағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.

Платформада аудан және басқарма басшыларының қызметін бағалау жүйесі де қарастырылған. Пайдаланушылар жетекшілердің жұмысына баға беріп, пікір қалдыра алады.

Ақпарат «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ берген мәліметтерге негізделген.