Чип өндіруші GlobalFoundries компаниясы АҚШ үкіметінен жасанды интеллект деректер орталықтарына арналған кремний фотоникасын дамыту үшін 300 млн доллар көлемінде грант алатынын мәлімдеді. Кремний фотоникасы деректерді чиптер арасында электрлік сигналдардың орнына жарық арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл технология деректерді жоғары жылдамдықпен тасымалдап қана қоймай, энергия шығынын да азайтады.
Мұндай шешімдер қазіргі жасанды интеллект жүйелері үшін айрықша маңызды. Өйткені ауқымды есептеу жүйелерінде мәселе тек процессорлар мен жеделдеткіштердің өнімділігіне ғана емес, олардың өзара дерек алмасу жылдамдығына да байланысты. Қаржы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, сондай-ақ осындай технологияларды өнеркәсіптік көлемде өндіруге мүмкіндік беретін өндіріс қуаттарын құруға жұмсалады. АҚШ үшін бұл жасанды интеллект дәуірінде технологиялық дербестікті нығайтуға бағытталған тағы бір қадам болмақ. Сонымен қатар бастама америкалық компаниялардың Азиядағы өндіріс орындарына тәуелділігін азайтып, энергияны тиімді пайдаланатын деректер орталықтарын дамытуға жол ашуға бағытталған.
Біреулер жасанды интеллектінің жылдамдығын электр қуаты арқылы арттыруға тырысып жатқанда, GlobalFoundries дерек жеткізуді жарыққа көшіруге кірісті.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












