Home Технологиялар Ғарыш АҚШ Тайваньмен ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек

АҚШ Тайваньмен ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек

13

Әлем жұртшылығы АҚШ пен Қытай арасындағы микрочип өндірісі, жасанды интеллект және Тайвань бұғазы төңірегіндегі текетіресті жіті бақылап отырған шақта, ғарыш кеңістігінде де жаңа сипаттағы бәсеке күшейіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, NASA-ның Тайваньды Artemis бағдарламасына қатысуға шақыруы қарапайым ғылыми әріптестіктің аясынан әлдеқашан асып кеткен қадам деуге болады. Бұл – болашақтағы технологиялық және геосаяси бағыттарды айқындайтын маңызды белгі.

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы алғаш рет Тайвань компанияларына Айда пайдаланылатын болашақ техникалық жүйелерге арналған әзірлемелерін ұсынуға ресми ұсыныс жасады. Ресми құжаттарда бұл Artemis бағдарламасының 32 техникалық бағыты бойынша ұсыныстар жинауға арналған алдын ала сауалнама ретінде көрсетілген. Алайда мәселенің мәніне үңілсек, Вашингтон Тайваньды Батыс елдері қалыптастырып жатқан жаңа ғарыштық ынтымақтастық кеңістігіне біртіндеп тарта бастағанын аңғаруға болады.

Мұндай үдеріс алдағы уақытта тек Жердегі ғана емес, Айдағы күштер арақатынасына да ықпал етуі әбден мүмкін.

Artemis – ғылыми жоба ғана емес, жаңа экономикалық кеңістіктің бастауы

Artemis бағдарламасы бүгінде адамның Айға кезекті сапарын ұйымдастыруға бағытталған жоба деңгейінен әлдеқашан өтіп кетті. Егер өткен ғасырдағы Apollo бағдарламасы қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі саяси бәсекенің көрінісі болса, қазіргі Artemis бастамасы Жерден тыс кеңістікте адамзаттың тұрақты тіршілік етуіне негіз болатын жүйені қалыптастыруды көздейді.

NASA жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай америкалық астронавтар Ай бетіне қайта қонып, ал келесі онжылдықтың басында тұрақты база салу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде энергетикалық қамтамасыз ету жүйелерінің, байланыс желілерінің, роботтандырылған жүк тасымалының, есептеу технологияларының, автоматтандырылған құрылыс тәсілдерінің және ғарыш өндірісінің жаңа бағыттарының дамуына жол ашады.

Осылайша адамзат тарихында бұрын болмаған жаңа экономикалық құбылыс – ай экономикасы қалыптасып келеді. Мұндай жағдайда табысқа мемлекеттер ғана емес, ғарыштың күрделі жағдайларына бейімделген озық технологияларды ұсына алатын компаниялар да қол жеткізеді.

NASA неге Тайваньға назар аударды?

Мұның себебі түсінікті. Тайвань бүгінде жоғары технологиялық өндірістің әлемдегі ең маңызды орталықтарының бірі саналады.

Арал мемлекеті ондаған жыл бойы микроэлектроника, дәлме-дәл инженерия және өндірісті автоматтандыру салаларын жүйелі түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда әлемде шығарылатын көптеген микрочиптердің өндірісі тайваньдық кәсіпорындармен тікелей байланысты. Бұл өнімдер күнделікті қолданылатын смартфондардан бастап аса қуатты суперкомпьютерлер мен қорғаныс жүйелеріне дейін пайдаланылады. Сондықтан мұндай тәжірибе Айда тұрақты тіршілік ету жүйелерін құру барысында ерекше маңызға ие.

Ай жағдайында кез келген техника ауа жоқ ортада, жоғары радиациялық әсер жағдайында және температураның күрт ауытқуы кезінде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Мұнда істен шыққан жабдықты жедел ауыстыру немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу оңай емес. Сол себепті болашақтағы айлық қоныстар барынша дербес жұмыс істейтін, шешім қабылдау қабілеті жоғары интеллектуалды жүйелерге сүйенетін болады. Дәл осы бағытта Тайвань үшін жаңа мүмкіндік туып отыр. Ол енді жеке бөлшектерді жеткізуші ғана емес, ғарыштық жобалардың толыққанды технологиялық серіктесіне айнала алады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.