Home Ақша АҚШ- та жасөспірім бір кеште жаңа мемкоин жасап, $50,000 пайдатапты. Соңы немен...

АҚШ- та жасөспірім бір кеште жаңа мемкоин жасап, $50,000 пайдатапты. Соңы немен аяқталды?

10

Мемдер негізінде құрылған цифрлық валюталар – мемкоиндар – соңғы жылдары қаржы әлемінде жаңа трендке айналды. Бұл монеталар көбіне алыпсатарлық мақсатпен қолданылып, шынайы төлем құралы ретінде сирек қолданылады.

АҚШ-тың Калифорния штатында 19 қараша күні кешке ерекше оқиға орын алды. Арт-кеңесші Адам Биск жұмыстан оралған кезде, ұлының әйелімен әңгімесін естіп қалады. Ұлы өзінің жасаған криптовалютасы арқылы қомақты табыс тапқанын мақтанышпен жеткізеді. Алғашында Биск бұл әңгімені маңызды деп қабылдамаса да, әйелі мен өзіне келіп түскен ашулы хабарламалар мен қоңыраулар жағдайдың салмақтылығын түсіндірді.

Біраз зерттей келе, жасөспірімнің сол түні «Gen Z Quant» атты жаңа криптовалютаны іске қосқаны анықталды. Ол 1 миллиард токен эмиссиялап, оның 51 миллионын ($350-ға тең) өзі сатып алған. Осылайша, жасөспірім стриминг платформасы Pump.Fun арқылы жаңа монетаның релизін жариялайды. Стримге жиналған көрермендердің қызығушылығы арқасында сұраныс күрт өсіп, токен құны жоғарылай бастады.

АҚШ- та жасөспірім бір кеште жаңа мемкоин жасап, $50,000 пайдатапты. Соңы немен аяқталды?

Бар-жоғы 8 минут ішінде жасөспірімнің иелігіндегі токендердің құны $30,000-ға жетті. Ол тез арада активтерін сатып, мол пайда тапты. Алайда, бұл әрекеті жаңа криптовалютаның бағасын құлдыратып жіберді. Мұндай құбылыс мемкоин нарығында жиі кездеседі – ол алыпсатарлыққа негізделген, ал көп жағдайда инвесторлар шығынға ұшырайды.

Мұндай әрекеттер криптовалюта саласында «жеңіл алаяқтық» (soft rug pull) деп аталады. Яғни, токенді жасаушы оны белсенді жарнамалап, кейін активтерін сатып, бағасын құлдыратып жібереді. Мұндай жүйелер заңсыз болмаса да, қауымдастық ішінде әдепсіз әрекет деп есептеледі.

Жасөспірім бұл әрекетін тоқтатпай, “im sorry”* және “my dog lucy” атты екі мемкоин шығарып, кеш соңына дейін табысын $50,000-нан асырды. Бірақ жеңіл табыстың салдары ауыр болды. Ақша жоғалтқан инвесторлар жасөспірім мен оның отбасына ашулы хаттар жолдап, тіпті жеке деректерін интернетке жариялап жіберді.

“Телефонымыз тынымсыз шырылдады. Бұл расымен де қорқынышты болды,” – дейді Адам Биск.

Мемкоиндар нарығы тез байып кеткісі келетіндер үшін тартымды болғанымен, мұндай жағдайлардың жиі кездесетініне назар аудару керек. Бұл оқиға – алыпсатарлықтың қауіптілігі мен салдары туралы маңызды ескерту.