АҚШ сенаторы Джош Хоули ел аумағында Қытайда әзірленген жасанды интеллект платформаларын қолдануға тыйым салуды көздейтін заң жобасын ұсынды. Құжатта DeepSeek тікелей аталмағанымен, заң Қытайда жасалған барлық ІІ-чатботтарға қатысты. Бұл бастама желіге сұраныстың күрт артуы мен ықтимал қауіптер туралы ескертулерге байланысты көтеріліп отыр. Өткен демалыс күндері DeepSeek АҚШ-тың App Store арқылы ең көп жүктелген тегін қосымшаға айналып, ChatGPT-ден озып шықты.
Сенатор Хоулидің айтуынша, Қытайда жасалған жасанды интеллект жүйелері дербес мәліметтердің қауіпсіздігіне, кибершабуылдарға төзімділікке және этикалық нормаларға қатер төндіреді. Жақында жүргізілген зерттеулер DeepSeek платформасының белгілі бір саяси мәселелерге қатысты біржақты пікір қалыптастыратынын анықтаған. Бұдан бөлек, сарапшылар жүйенің хакерлік шабуылдарға осалдығын атап өтті.
АҚШ билігі Қытай заңнамасының ерекшелігіне де алаңдаулы. Себебі ел аумағында орналасқан желілердегі деректерді сұратуға қытайлық билік ресми түрде құқылы. DeepSeek-тің серверлері Қытайда орналасқандықтан, бұл қауіп күшейе түсті.
Қытайлық жасанды интеллект жүйелеріне шектеу қою бастамасы тек АҚШ-пен шектелмейді. Италия DeepSeek платформасын толықтай бұғаттаған алғашқы ел атанды. Тайвань мемлекеттік мекемелерде бұл технологияның қолданылуына шектеу енгізді. Ал АҚШ-тың Техас штаты Қытайдың ІІ-жүйелерін мемлекеттік құрылғыларда пайдалануға толық тыйым салды. Сонымен қатар, АҚШ Әскери-теңіз күштері мен NASA да DeepSeek-ке қолжетімділікті шектеген.
Егер ұсынылған заң жобасы қабылданса, Қытайдың жасанды интеллект технологияларын дамытуға көмектескен АҚШ азаматтары үшін қатаң жаза қарастырылмақ. Жеке тұлғаларға 1 миллион долларға дейін айыппұл салынып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Ал компаниялар 100 миллион долларға дейін айыппұл төлеуі ықтимал.
Қытайлық технологияларға тыйым салу АҚШ-тың цифрлық қауіпсіздігін нығайта ала ма, жоқ па – бұл сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бірақ сарапшылар Вашингтонның бұл мәселеге байыппен қарай бастағанын айтады.