Қазақстанда автомектептердің жұмысын автоматты түрде тексеру ұсынылды. Бұл туралы LS хабарлады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, автомектептерге бақылауды күшейту үшін оқу машиналарының техникалық жай-күйін автоматты түрде тексеру жүйесін енгізу қажет. Сонымен қатар көліктердің мектеп меншігінде екенін немесе жалға алынғанын растайтын құжаттар, нұсқаушылардың біліктілігі және автомектептің нақты мүмкіндігіне сай оқушы қабылдауы да тексерілуге тиіс.
«Ереже бұзушылықтар анықталған жағдайда, олар жойылғанға дейін жаңа оқу топтарын тіркеуді тоқтатудың құқықтық негіздерін қарастыру қажет. Қазір практикалық жүргізу емтиханын тапсыру үшін 43,7 мың адам кезекте тұр. Жыл басынан бері 474,8 мың адам осы емтиханнан өтті. Емтихан қабылдау мүмкіндігін арттыру үшін республика бойынша қосымша 86 емтихан алаңы ашылды», – деді министр депутаттың сауалына берген жауабында.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылғы қазанда Алматы мен Қарағандыда жаңа автодромдар ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жезқазған, Көкшетау, Тараз қалаларында, Жамбыл облысы мен Қордай ауданында қосымша автодромдардың құрылысы аяқталып келеді.
«Сонымен қатар жасанды интеллект пен прокторинг жүйесін пайдаланып, теориялық емтихандарды қашықтан тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені азайтады. Қашықтан емтихан тапсыру азаматтарға белгіленген уақытпен шектелмей, өзіне қолайлы кезде сынақтан өтуге мүмкіндік береді. Осылайша, емтихан тапсыруға жазылу кезінде азаматтардың тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге, бос орындарды ашық бөлуге және делдалдардың қызметіне жүгіну қаупін барынша азайтуға болады», – деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, қазір емтиханға жазылу «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы онлайн жүргізіледі. Бұл қызметті қолжетімді ету үшін оны eGov және eGov Mobile платформаларына да енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Министр 2027 жылғы қаңтардан бастап автомектептер қызметін хабарлама тәртібімен емес, рұқсат беру тәртібімен жүргізетінін еске салды. Ол үшін оқу орындары материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптарға сай болып, тиісті тізілімге енгізілуі керек.
«Жеке автодромдарды емтихан қабылдауға тарту мәселесін де қосымша пысықтау қажет. Бұл ретте бірыңғай техникалық талаптарды белгілеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, емтихан өткізу тәртібін айқындау, бейнебақылау жүргізу және нәтижелерді мемлекеттік цифрлық жүйеге тіркеу мәселелері шешілуге тиіс. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деп түйіндеді Жаслан Мәдиев.
Айта кетейік, қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












