Отбасының цифрлық картасы әр отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер мемлекеттік қолдау шараларын азаматтардың өтінішін күтпей, алдын ала ұсыну үшін пайдаланылады.
Қазір Отбасының цифрлық картасында 20,6 миллион азамат туралы мәлімет бар. Олар 6,2 миллион отбасына біріктірілген.
Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтауға көмектеседі.
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, халықаралық тәсілдер негізінде әзірленген.
Кешенді бағалау нәтижесінде әр отбасы әлеуметтік әл-ауқатының деңгейіне қарай бес санаттың біріне жатқызылады. Олар мыналар:
- А санаты – әл-ауқаты жоғары;
- В санаты – әл-ауқаты жеткілікті;
- С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық;
- D санаты – экономикалық тұрғыдан осал;
- Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Отбасының санатын анықтау кезінде бір ғана көрсеткіш негізге алынбайды. Бағалау 59 көрсеткіш пен сегіз негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.
Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, меншігіндегі мүлік, тұрғын үй жағдайы, жеңіл көлік пен коммерциялық көліктің болуы, жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы, жұмыспен қамтылуы, несиелері мен мерзімі өткен берешегі, сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысуы сияқты мәліметтер бар.
Сондықтан отбасының әл-ауқат санаты тек табыс мөлшеріне, баспанасының немесе көлігінің болуына не басқа да жекелеген мүлік түрлеріне қарап белгіленбейді. Бағалау кезінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын барлық мәлімет жиынтығы ескеріледі. Мысалы, жан басына шаққандағы табысы жеті күнкөріс минимумына тең немесе одан жоғары, яғни 350 мың теңгеден асатын отбасы әл-ауқаты жоғары А санатына жатқызылуы мүмкін.
Бұл санатқа жататын отбасылардың әр мүшесіне шаққанда тұрғын үй алаңының шартты мөлшері 120 шаршы метрден асатын бірнеше жылжымайтын мүлкі болуы да ескеріледі. Бұған қоса, коммерциялық жылжымайтын мүліктің, ірі, орта немесе шағын бизнестің, сондай-ақ люкс не премиум санатындағы қымбат көліктердің болуы назарға алынады. Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі. Бұл оның жағдайына берілген бағаның өзекті мәліметтерге сай болуын қамтамасыз етеді.
Демек, Отбасының цифрлық картасы ұзақ уақытқа өзгеріссіз белгіленетін бір реттік бағалау құралы емес. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын жаңа деректер картаға автоматты түрде енгізіледі. Мысалы, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны өзгерсе немесе есепке алынатын өзге де жағдайлар орын алса, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.
Отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгінуге болады.
Мамандар Отбасының цифрлық картасында көрсетілген мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды және мәселені шешуге көмектеседі. Бастапқы ақпарат көзіне енгізілген түзетулер картада автоматты түрде жаңартылады. Келесі бағалау кезінде отбасының санаты да қайта есептеледі. Бұл үшін азаматқа қайтадан өтініш берудің қажеті жоқ.
Әлеуметтік әл-ауқат деңгейін есепке алу мемлекеттік қолдаудың жекелеген шараларын ұсыну кезінде отбасының нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл әлеуметтік салада көмекті мұқтаж азаматтарға неғұрлым дәл бағыттауға жол ашады.
Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге арналған құрал. Оның көмегімен мемлекет отбасылардың жағдайындағы өзгерістерді уақтылы анықтап, азаматтарға қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары туралы алдын ала хабарлай алады. Бұл көмек көрсетуде әр отбасының нақты жағдайын ескеруге мүмкіндік береді.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












