Home Кәсіби маман Қазақстан экономикасының нақты секторын цифрландыруға басымдық берілді

Қазақстан экономикасының нақты секторын цифрландыруға басымдық берілді

11

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 2029 жылға дейінгі ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру шеңберінде бизнес пен экономиканың нақты секторын технологиялық жаңғыртуға бағытталған негізгі бастамаларды ұсынып отыр.

Стратегиялық бағыт аясында міндетті аспаптық есепке алуды көздейтін басқарылатын цифрлық архитектура қалыптастырылуда. Ол агроөнеркәсіп кешенін, құрылысты, қаржы секторын, мұнай-газ саласын және шағын бизнесті қамтып, жасанды интеллект, цифрлық егіздер мен интеллектуалды платформаларды енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар робототехника, ұшқышсыз жүйелер, цифрлық активтер және ғарыштық технологияларды қоса алғанда, болашақ индустрияларының жедел дамуына қажетті жағдайлар жасалуда. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – есептеу орталықтарының жобалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін егемен «Деректер орталықтары аңғарын» құру. Жоба озық есептеу қуаттарын, ғылыми-зерттеу институттары мен технологиялық компанияларды бір ортаға біріктіріп, машиналық оқыту және үлкен деректерді талдау салаларында серпінді шешімдер әзірлеуге бағытталған.

«Цифрлық өнеркәсіп және құрылыс» жобасы тау-кен өндірісіне қатысты бірыңғай платформаны жасанды интеллект негізіндегі геоаналитикамен, жобалаудың BIM-ортасын және Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық жүйесін дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін 5–7%-ға арттыруды, геологиялық барлауға бағытталған жеке инвестициялар көлемін 30%-ға ұлғайтуды және техникалық жағынан күрделі жаңа нысандардың өмірлік циклін толық цифрлық қамтуды қамтамасыз етеді.

Көлік секторында іске асырылатын «Цифрлық көлік» ұлттық жобасы басым өткізу пункттерінен өту уақытын 30 минутқа дейін қысқартуды, цифрлық паспорты мен жүк қозғалысын бақылау мүмкіндігі бар Smart Cargo жүйесі арқылы басым тасымалдардың кемінде 80%-ын қамтуды, сондай-ақ көлік дәліздері мен тораптарының кемінде 80%-ын интеллектуалды талдау жүйесіне қосуды мақсат етеді. Бұл міндеттер Smart Cargo жүйесін дамыту және e-kolik интеллектуалды көлік жүйесін енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Агроөнеркәсіп кешенінде іске асырылатын «Цифрлық АӨК» ұлттық жобасы субсидия алушылардың жалпы өнім көлемін 3–5%-ға арттыруға бағытталған. Осы мақсатта e-АӨК платформасы, шаруашылықтардың цифрлық бейіндері, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және құс шаруашылығындағы өнімдердің қозғалысын бақылау жүйелері, мемлекеттік қызметтер мен субсидиялаудың бірыңғай терезесі, жер ресурстарын цифрлық басқару тетіктері, жасанды интеллект негізіндегі көмекшілері бар Smart-фермалар және Digital Agro Market сауда алаңы енгізіледі.

Робототехниканы дамыту бағыты жетекші әлемдік өндірушілерді тартуды, заманауи роботтандырылған шешімдерді енгізуді және осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді көздейді. Аталған шараларды іске асыру өндірістік процестерді автоматтандыру деңгейін арттыруға, робототехника технологияларын түрлі салаларда кеңінен қолдануға және инновациялық экономиканың дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Автономды технологияларды дамыту аясында ұшқышсыз таксилер мен автономды жеткізу қызметтерін коммерциялық пайдаланудың реттелетін тәртібі енгізілетін кемінде үш қала немесе пилоттық аймақ құру жоспарланып отыр. Бұл бастама ұшқышсыз көлікті қауіпсіз пайдалану үлгілерін сынақтан өткізіп, қолданысқа енгізуге, көлік қызметтерінің тиімділігін арттыруға және автономды мобильділікті одан әрі кеңейтуге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.