Home Техника Автокөліктер Қазақстанда автономды көлік құралдарын енгізуге арналған пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді

Қазақстанда автономды көлік құралдарын енгізуге арналған пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді

10

Қазақстанда автономды көлік құралдарын енгізуге арналған пилоттық жобаны іске асыру қағидалары бекітілді. Құжат басқаруды шартты және жоғары деңгейде автоматтандыруға мүмкіндік беретін автокөліктерді іс жүзінде пайдалануға енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады. Сонымен қатар пилоттық жобаға қатысушыларға, көлік құралдарына, оларды пайдалануға жіберу талаптарына, мемлекеттік бақылау тетіктеріне және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына қойылатын талаптарды айқындайды.

Пилоттық жоба үш жыл бойы Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жүзеге асырылады. Автономды көлік құралдарын сынақтан өткізу арнайы жабдықталған полигондарда, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың белгіленген бағыттарында жүргізіледі.

Қағидалардың негізгі ерекшеліктерінің бірі – автоматтандыру деңгейі әртүрлі көлік құралдарына қойылатын талаптардың саралануы. Шартты автоматтандыру жүйесі бар автокөліктерде кез келген сәтте басқаруды өз қолына алуға дайын адам міндетті түрде болуы тиіс. Ал жоғары деңгейде автоматтандырылған көлік құралдарын салонда жүргізушісіз пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда көліктің қозғалысын қашықтан бақылап, қажет болған жағдайда оған араласатын оператордың сүйемелдеуі қамтамасыз етіледі.

Құжатта көлік құралдарын қауіпсіз пайдалануға қатысты міндетті талаптар да белгіленген. Автономды көлік құралдары деректерді тіркеу жүйелерімен, бейнебақылау құралдарымен, автоматтандырылған басқару жүйесін шұғыл түрде ажыратуға мүмкіндік беретін тетіктермен және «Автономды басқару» деген арнайы белгімен жабдықталуы қажет. Сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмысына сырттан заңсыз араласудан қорғайтын тетіктер қарастырылуы тиіс.

Қағидаларда жолаушыларды тасымалдау, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау және жол-көлік оқиғалары болған кездегі әрекеттерге де жеке назар аударылған. Құжатта автономды көлікті такси қызметін көрсету және тұрақты емес жолаушылар тасымалын жүзеге асыру кезінде пайдалану тәртібі белгіленіп, пилоттық жобаға қатысушылардың жауапкершілігін сақтандыруға қойылатын талаптар айқындалған.

«Пилоттық жобаны іске асыру автономды көлік технологияларын нақты жағдайларда сынақтан өткізуге, құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға, қолданыстағы реттеу тетіктерінің тиімділігін бағалауға және Қазақстан Республикасында автономды көлік саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсынов.

Бірлескен бұйрықтың ресми мәтіні бес жұмыс күні ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланады.