Home Кәсіби маман Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі

Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі

9

Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайтын алғашқы ұлттық стандарт бекітілді. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 17 шілдедегі № 30-НҚ бұйрығымен «Бейнебақылау жүйелері. Бейнекамералардың түрлері мен орналастырылуына қойылатын талаптар» атты ҚР СТ 4031-2026 ұлттық стандарты қолданысқа енгізілді. Бұл туралы inbusiness.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Құжат 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес әзірленген. Стандартты әзірлеу жөніндегі ұсынысты Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті енгізген. Жаңа стандарт 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданыла бастайды.

ҚР СТ 4031-2026 – ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне бірыңғай талаптар белгілейтін алғашқы ұлттық құжат. Стандарттың негізгі мақсаты – бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану тәртібіне қойылатын талаптарды біріздендіру, сондай-ақ әртүрлі жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыру.

Стандарттың талаптары түрлі нысандарды жобалау, салу және реконструкциялау барысында орнатылатын бейнекамералар мен бейнебақылау жүйелеріне қолданылады. Оның ішінде кейіннен цифрлық мониторинг платформаларына қосуға арналған жүйелер де қамтылған.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекованың айтуынша, жаңа құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі – бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын ең төменгі бірыңғай талаптардың белгіленуі. Олар матрица түрін, кескіннің ажыратымдылығын, жарыққа сезімталдық деңгейін, кадр жиілігін, объектив сипаттарын, жұмыс температурасының ауқымын, сыртқы әсерлерден қорғаныс дәрежесін, сондай-ақ жабдықты орнату мен орналастыру талаптарын қамтиды.

Сонымен қатар бейнекамераларды атқаратын қызметіне қарай жіктеу алғаш рет ұлттық деңгейде енгізілді. Стандартта сыртқы аумақты бақылауға, ғимараттар мен құрылыстардың ішкі кеңістігін бақылауға, адамның бет-әлпетін анықтауға және сәйкестендіруге, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға арналған камераларға, сондай-ақ қашықтан басқарылатын бейнекамераларға қойылатын талаптар жеке-жеке белгіленген.

Фото ашық дереккөздерден пайдаланылды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.