Елімізде жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар 470 баланың дамуында және денсаулығын қалпына келтіру үдерісінде оң өзгерістер байқалды. Үй жағдайында заманауи оңалту жабдықтары мен цифрлық технологияларды қолданудың нәтижесінде балалардың қимыл-қозғалыс қабілеті жақсарып келеді. Олар басын өздігінен ұстауды, өз бетімен отыруды, тірекке сүйеніп тұруды және алғашқы қадамдарын жасауды меңгере бастады.
Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырып отырған «QH. Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» пилоттық жобасы аясында бүгінгі күнге дейін 628 балаға кешенді оңалту қызметі көрсетілді.
Жобаның басты мақсаты – жоғары технологияларға негізделген оңалту көмегін отбасылардың тұрғылықты жерінде қолжетімді ету. Қазіргі уақытта жоба Қазақстанның төрт өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Олар – Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстары. Қатысушыларға көпфункциялы бейімделетін креслолар, MyWay жүріп-тұру құрылғылары, вертикализаторлар және арнайы жаттықтырғыштар сияқты заманауи техникалық құралдар беріледі. Бүгінде оңалту үдерісінде арнайы техниканың 405 бірлігі қолданылып келеді.
Инклюзия департаментінің директоры Ғазиза Иманғали: «Бұл модельдің жоғары тиімділігі әр баланы түрлі бейіндегі мамандардан құралған топтың қашықтан үздіксіз сүйемелдеуі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандар әр бала үшін жеке оңалту жоспарын әзірлеп, оның орындалуын цифрлық күнделік арқылы тұрақты бақылап отырады. Ата-аналар күн сайын орындалған жаттығулар туралы мәліметті осы жүйеге енгізеді. Нақты уақыт режимінде жүргізілетін талдау оңалту бағдарламасын жедел түзетуге мүмкіндік беріп, отбасының бұл үдеріске белсенді қатысуына ықпал етеді», – деді.
Оның айтуынша, пилоттық жоба аясында қол жеткізілген нәтижелер еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болады. Жыл соңына дейін бағдарламаны тағы төрт өңірге – Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарына кеңейту жоспарланып отыр.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












